14.08.2025, 17:30
Оқылды: 121

Шекарасыз өнер  

«Атамекен» өнер ордасының көрме залында ресейлік суретшілердің «Құрлықтар диалогы: адам және табиғат» атты топтық көрмесі ашылды. Көрме Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Атамекен» көрме залының ұйымдастыруымен өткізілді. Жобаның негізгі мақсаты – бейнелеу өнері арқылы қоғам мен табиғат арасындағы байланысты көрсету, қоршаған ортаның өзекті мәселелеріне назар аударту.

М Салық (1)

Көрмеге ресейлік суретшілер – Сергей Жагат, Екатерина Пастухова, Марина Камчатова, Иоанна Будникова, Хейл Лана және Янина Моисеева сынды қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған. Ауторлар адам мен табиғаттың үйлесімді қатынасын, бұралқы жануарлар мәселесі мен қоғамда өз орнын іздеген тұлғалардың психологиялық ахуалын бейнелеуге тырысқан. Бұл бағыттағы шығармашылық жұмыстың негізгі концепциясын көрменің бас жетекшісі Сергей Жагат ұсынған. Алайда суретші көрмеге өзі қатыса алмағандықтан, оның атынан өкілі Никита Редько сөз сөйледі.

– Сергей Жагат – Ресейдің Тольятти қаласынан шыққан суретші. Бүгінгі көрмеге мен оның атынан, өкілі ретінде келіп отырмын. Өткен жылы қаламыздағы Пушкин музейінде екеуміз алғашқы бірлескен жобамызды өткізгенбіз. Ол көрме «Алты Наполеон» деп аталды. Ал бүгінгі көрмеде бірнеше суретшінің туындылары топтастырылған. Бұл жолы Сергей Жагат алғаш рет жетекші ретінде көрмеге қатысып отыр. Дәл өзі осы туындыларды іріктеп, жинақтаған. Көрменің атауынан-ақ аңғарылатындай, мұндағы шығармаларда табиғат пен адамның өзара байланысы бейнеленген. Экспозицияға Мәскеу, Волгоград, Кіші Новгород сынды Ресей қалаларынан келген суретшілердің жұмыстары қойылған. Олардың қатарында өмірден өткен тольяттилық суретші Марина Камчатова да бар. Оның еңбектерін жұбайы ұсынды. Өнерді әркім өзінше қабылдайды, сондықтан көрмедегі әр туындыны көрермен өз қиялында жандандыра алады. Тағы бір атап өтетін жайт – бұл жерде қаңғыбас жануарлардың тағдырына да назар аударылған, – деді Никита Редько.

М Салық (4)

Көрменің ашылуында  А. Пушкин музейінің меңгерушісі Асылжан Мырзаболатова көрменің рухани-мәдени маңызын атап өтіп, бейнелеу өнерінің адам тәрбиесіндегі рөлін тілге тиек етті. Сонымен қатар ол суретші Сергей Жагатқа облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің алғысхатын ұсынды.

Көрмеге жиналған қауымға Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы Нұрбек Жәрдемов те өз пікірін білдіріп, ауторлардың көркемдік стилі мен идеялық мазмұнына тоқталды.

– Бүгінгі көрмеде көршілес мемлекет суретшілерінің жалпы саны қырық туындысы ұсынылды. Өнерде ұлт та, жыныс та болмайды дейді ғой, өйткені өнер – шексіз ұғым. Төрт жылдың ішінде біз аймақтық және халықаралық деңгейде көптеген көрмелер ұйымдастырдық. Әр суретші өз туындысы арқылы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, көрерменді ойландыруға тырысады. Адамның ішкі жан дүниесі, психологиясы мен табиғатқа қатынасы – осы көрменің басты өзегіне айналды, – деді өнертанушы.

М Салық (2)

Көрме залында қойылған туындылар түрлі техникамен орындалған. Кескіндеме мен графика жанрындағы картиналар көрерменге терең әсер қалдырды. Шараға өнерсүйер қауым, музей қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Көрме өз жұмысын қыркүйек айына дейін жалғастырады.

 

Жанерке  Ғинаят,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале