14.08.2025, 18:00
Оқылды: 220

Ел ардақтаған азамат

Бүгін Қоғам қайраткері, «КСРО-ға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерінің иегері Мүсір Иманқұлұлы Айтасовтың туғанына 90 жыл толуына орай Бірлік ауылдық мәдениет үйінде ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті.

image-14-08-25-04-28-7

Әуелі ақ ұсынған ақ жаулықты әжелер мен ыстық бауырсақ үлестірген келіндер иіліп сәлем беріп, қонақтарды қарсы алды. Содан соң, халық қамын ойлаған біртуар азаматтың өмір өткелдері жайлы сөз қозғалып, естеліктер айтылды. Шараға еңбек ардагері, Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы» Кәрім Өтеғұлов, «Республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлерінің ұйымы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Лавр Хайретдинов, облыстық мәслихат депутаты Ербол Салықов, еңбек ардагері Абат Есенғалиев, ақын, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков, «Дала академигі», Ақжайық ауданының «Құрметті азаматы» Нәсіпқали Қайырқомов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, қоғам қайраткері, Сырым ауданының «Құрметті азаматы» Есберген Әжібаев, Казталов ауданының «Құрметті азаматтары» Сағынгерей Қадошев пен Алтай Мұхамбетқалиев, облысымызға еңбегі сіңген зейнеткер Ғилым Қуанышев, Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы» Жұмағали Нұғыманов, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, Батыс Қазақстан Мемлекеттік архиві Жалпақтал филиалының директоры Миржан Карабалин, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Закария Сисенғали, Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Бауыржан Атауов және белгілі қоғам қайраткері Мүсір Айтасовтың туыстары мен ұрпақтары, жұбайы Балғаным Кәкімова қатысты. Алғы сөз аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлына берілді. Содан соң, марқұмның рухына тағзым ретінде орнатылған ескерткіш тақтаны ашу үшін Қуаныш Мамбетов бен марқұмның зайыбы Балғаным Жантолықызы ортаға шақырылды. Ресми ашылу салтанатынан кейін жұбайы ұйымдастырушылар мен аудан әкімдігіне алғысын жеткізіп, Отанының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан арда азаматты ұмытпайтын елге де рахметін айтты. Бірлік ауылдық модельді кітапханасының дайындаған кітап көрмесіне шолу жасалып, жиналғандар аудан орталығына жол жүрді.

image-14-08-25-04-28-4

Әрі қарай, іс-шара аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ел ардақтаған азамат» атты аудандық конференциясымен жалғасын тапты. Әуелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің даярлаған кітап көрмесіне библиографиялық таныстырылым жасалып, Жаңақала аудандық архив филиалы мен Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің дайындаған көрмесіне шолу жүргізілді. Онда Мүсір Иманқұлұлының көзі тірісінде өзі тұтынған заттары (қолшатыры, қол сағаты, сөмкесі мен есептеуіш құралдары) және кітаптары мен төсбелгілері, куәліктері көрсетілді. Содан соң, экраннан бейнеролик ұсынылып, жаңақалалықтар атынан Балғаным Жантолықызына құрмет көрсетіліп, иығына орамал, үстіне камзол кигізді. Әрі қарай, модератор қонақтарды сахна төріне шақырып, аға ұрпақ өкілдерінің өнегелі өмір жолдары мен дара тұлғаның жарқын бейнесін ел жадында жаңғырту үшін «Қыран даланың қажымас қайраткері» атты баяндамасын оқуға Закария Жүсіпқалиұлына сөз кезегін ұсынды.  Жиналғандар жақсының жақсылығын айтып, замандастары қызықты оқиғаларымен бөлісті. Інідей құрмет көрсетіп, ағадай қамқор болған ер азаматтар да ортадан табылып, оның басшылық парасатын, шешендігі мен көсемдігін, кісілік келбетін еске алды. Марқұмның ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегін, адамдармен қарым қатынасын, халықтың әл-ауқатын күшейтуге жұмсаған ынта-жігерін әңгіме қылып, ескірмейтін естеліктерге көз жүгіртті. Сондай-ақ, аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев: - Архив мәліметтеріне сәйкес, 1990 жылы 1 маусымдағы қаулысымен Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы» атағы Абат Қадемұлы ағамызға беріліп, қызмет бабымен марапаттаудың реті келмеді. Бүгінгідей айтулы күнде орайлы сәтті пайдаланып, табыс еткелі отырмыз, - деп еңбек ардагерінің мәртебесін асқақтатты.

Әрі қарай, қонақтар көзінің тірісінде аңызға айналған жан туралы сыр шертіп, жары Балғаным әжейге сый-сияпаттарын табыс етіп, алғысын білдірді.

image-14-08-25-04-28-3

- Сөз соңында осы сәтті пайдаланып, жергілікті басшыларға алғысыммен қатар ұсынысымды да жеткізгім келеді. Алдағы уакытта да тарихи тұлғаларды бір жөнге келтіріп, пікір тудырып, еңбек сіңірген азаматтарды жиі  еске алатындай жағдай жасалса екен. Алла тағала баршамыздың ниетімізді қабыл етсін. Жанұямыздың атынан аудан басшыларына, жан-жақтан жиналған қонақтарға рақметімді айтамын.  10 жыл бұрын 80 жасында аяқтай келіп құрмет көрген болатын. Бұны да тарих беттерінде қалады деп есептеймін. “Өлі разы болмай, тірі байымайды” дегендей, алғашқы басшылық жұмысын бастаған ордасы осы мекен. Бұл күнді көру оның еңбегінің жемісі деп ойлаймын, - деп зайыбы сөзін қорытындылады.

Кеш соңында жиынға арнайы Астана қаласынан келген қайраткер тұлғаның немересі Азамат Темірбекұлы өзінің ән шашуын жолдап, скрипкада ойнады. Жиыннан соң, Айтасовтар жанұясы қонақтарға ас беріп, құрмет көрсетті.

 

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале