Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев Казталов ауданының әкімі Асыланбек Сарқұлов бастаған делегациямен кездесіп, аудандағы кәсіпкерлік нысандармен таныстырды.
Сапар барысында делегация алдымен құрылыс материалдарын сатумен айналысатын «Берген» жеке кәсіпкерлігіне барып, кәсіпкер Серік Ибрашевтың жұмысымен танысты. Ол бүгінде Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарын құрылыс материалдарымен қамтып отыр.
Келесі нысан — жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын «Damu» жеке кәсіпкерлігінің «Ет асу» дүкені болды. Қонақтар дүкендегі табиғи ет өнімдерімен танысты. Сондай-ақ делегация «Фурор» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бау-бақша және екпе шөп өсіру бағытындағы жұмыстарын көрді.
Кәсіпкер Амир Мырзақұлов былтыр бау-бақша егуді қолға алса, биыл ауданда алғаш болып екпе шөп еккен. Мемлекеттік қолдаусыз жеке бастамамен іске асырылған бұл жоба қонақтардың қызығушылығын тудырды. Сапар ЖК «Төре» супермаркетінде жалғасып, кәсіпкер Мейрамбек Зейнуллин көтерме азық-түлік саудасы мен наубайхананың жұмысын таныстырды, сондай-ақ болашақ жоспарларын бөлісті. Содан соң С.Меңдешев ауылдық округіндегі «Жайлау» шаруа қожалығында делегация сүт бағытындағы ірі қара өсіріп, ауылды сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер Асылбек Мерғалиевпен кездесті.
Ол қожалықтың даму жоспарларымен бөлісті. Іссапар соңында делегация «С-БОЛАШАҚ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Амангелді Сатқалимен кездесіп, ет өнімдерін өндіру мен сату бағытындағы жұмыстармен, сондай-ақ мал сою пунктінің жұмысымен танысты.
Бұл іскерлік кездесу қос ауданның кәсіпкерлеріне тәжірибе алмасуға, ауыл шаруашылығы мен сауда саласындағы озық үлгілермен танысуға мүмкіндік берді.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы