2018 жылы жас кәсіпкерлер Аслан мен Әйгерім өз армандарын жүзеге асыруға бел буып, аудан орталығында «Алаша» орталығының іргесін қалады. Алғашында бар күш-жігері мен қаражатын осы іске арнаған олар, сол жылы-ақ онлайн тапсырыс қабылдауды бастап кетті.

Алғашқы қадамдары қарапайым еді: растяжкалар, тойбастар, плитка шоколадтар мен ксерокопия қызметі. Бірақ олар мұнымен шектелмей, ассортиментін біртіңдеп кеңейтті. Алдымен түрлі-түсті үрмелі шарлар қосылды, кейіннен краб-пакеттер мен палет-пакеттерді шығару жолға қойылды.
Уақыт өте келе «Алаша» орталығы аудан кәсіпкерлеріне тек тауар ұсынумен шектелмей, олардың бренді мен беделін қалыптастыруға үлес қоса бастады. Әр кәсіп иесіне арналған логотипі мен атауы бар жеке полиэтилен пакеттер шығару олардың басты қызметінің бірі болды.

Полиэтилен пакеттер бағыты бойынша алғашқы тұрақты тұтынушылардың бірі – көпшілікке жақсы таныс «Бөбек» балалар дүкенінің иесі Айгерім еді.

Орталықтың ашылу салтанатында ауылдық округ әкімі Ернар Ғалымов пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Баянғалиұлы сөз сөйлеп, аудан орталығында жас кәсіпкерлер қатарының артып келе жатқанын атап өтті. Олар шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы маңызы зор екенін, сондай-ақ мұндай бастамалар жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін ерекше атап көрсетті.

Бүгінде Аслан мен Әйгерімнің еңбегі табандылық пен шығармашылықтың, алға ұмтылу мен жаңашылдықтың жарқын үлгісі деп білеміз. Әр үлкен жетістік кішкентай қадамдардан басталады.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы