15.08.2025, 21:00
Оқылды: 536

Теректілік спортшылар марапатталды

Бүгін аудан орталығында Спорт күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға спорт ардагерлері, жас спортшылар, жаттықтырушылар, мемлекеттік қызметшілер мен спорт жанашырлары қатысты.

image-15-08-25-07-16-1

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтау сөзінде тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге жыл сайын жағдай жасалып келе жатқанын, бұқаралық спортпен шұғылданатындар саны артып отырғанын айтты. Оның сөзінше, барлық ауылдардағы футбол алаңдары осының айқын дәлелі. Сонымен қатар биыл екі ауылда — Ақжайық пен Жаңаөңірде — спорт кешенінің құрылысы басталып, жыл соңына дейін аяқталуы жоспарланып отыр.

image-15-08-25-07-16-6

"Жерлестеріміздің жетістігін әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінгі шараға тек жастар ғана емес, орта және аға буын спортшыларды шақыруымыздың да ерекше мәні бар. Сіздер тек жеңіске жетіп қана қоймай, келер ұрпақ бойына спортқа деген қызығушылықты ояттыңыздар. Аудан халқы атынан алғысымды білдіремін", — деді аудан басшысы.

Салтанатты жиында ауданның спорт саласының дамуына үлес қосқан тұлғалар марапатталды. Атап айтқанда, ардагер спортшылар Серік Нұрғалиев, Сұңғат Бекқалиев, Білікбай Казиханов, Өтеген Мубарaк, сондай-ақ тоғызқұмалақ, дойбы, асық ату, қол күресі, бочча сияқты спорт түрлерінен жүлде алған мүгедектігі бар азаматтар марапатталды.

image-15-08-25-07-16-7

Сонымен қатар оқушылар спортын дамытуға зор үлес қосқан тәжірибелі ұстаздар, округ әкімдері, мемлекеттік қызметшілер мен демеушілерге алғыс хаттар табыс етілді. Жүлдегер спортшылар мен жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады. Шара соңында аудан әкімі спортшыларға жаңа жетістіктер мен биік белестер тіледі.

 

Әдемі Ғазизова,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале