Хан Ордасы музей-қорығында «Нарын қасіреті» тарихи-ағарту қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Шара Бөкей ордасы ауданы ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Жұмағалиевтің сөзімен бастау алды. Кездесуді «Нарын қасіреті» тарихи-ағарту қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Сабиров, тарих ғылымының кандидаты, доцент Б.Боранбаева, сондай-ақ 1952–1953 жылдары ата-аналары отбасымен Түркістан облысына күштеп көшірілген жерлестеріміз А.Ажығұлов, Ә.Мұқанғалиев, Х.Ерғалиев жалғастырды. Шараның қорытынды сөзін Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының директоры Ғ.Махимов пен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Н.Сабиров қорытындылап, аудан әкімі Н.Даумовтың ыстық сәлемін жеткізіп, бөкейліктердің атынан келген қонақтарға сый-сыяпаттарын ұсынды.

Кездесу барысында өткен ғасырдың қасіретті беттері – 1951–1952 жылдары Капустин Яр әскери полигонының құрылуына байланысты Орда ауданының таратылып, халықтың туған жерінен еріксіз көшірілгені туралы айтылды.

Сол жылдары бөкейліктер Оңтүстік Қазақстанға, Ақжайық, Тайпақ және облыстың басқа да аудандарына қоныстануға мәжбүр болып, ішкі депортацияға ұшырады.

Шара аясында қонақтар музей-қорық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен дайындалған «Нарын қасіреті – қазақ депортациясы» тақырыбындағы көрмемен және музей-қорықтың негізгі экспозицияларымен танысты.

Бұл кездесу – тарихтағы әділетсіз саясат құрбаны болған ата-бабаларымыздың рухына тағзым ету, өткенді ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам.
Анар Артықбай
Бөкей ордасы ауданы