«Қыстың қамын жазда ойлаған» Казталов ауданы Жаңажол ауылдық округінің белсенді азаматтары ауылдық округ әкімдігімен бірлесе отырып, қысқы мал азығы қорын дайындау мақсатында әлеуметтік жағдайы қолдау-көмекті қажет ететін тұрғындарға жеңілдетілген бағамен шөп түсіріп берді.

Нарық талабы тұрмыс жағдайына дендеп енген жылдардан бері ауылда мал шаруашылығы біршама жыл тұралап, тұрғындар қиын жағдайды бастан кешкен еді. Бүгінгі таңда елбасының қолдауымен мал шаруашылығы қайта өркендеп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылды. Еліміз бойынша осы салада көптеген жобалар жүзеге асып, төрт түліктің саны көбейді. Оның ішінде, Жаңажол ауылдық округінің шаруалары да белсенді істерімен көрінуде.
Біз, жақында ғана жерлестерінің таңдауымен осы ауылдық округінің әкімі болып сайланған Қуаныш Батырғалиевке жолығып, округ бойынша мал азығының қысқа дайындығы жөнінде сұраған едік.
-Округ бойынша қолдау-көмекті қажет ететін тұрғындарға шаруа қожалықтарымен және ауылдың жанашыр тұрғындарымен бірлесе отырып, жеңілдетілген бағамен аулаларына шөп түсіріп бердік. Жиналған шөптің өрт қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмауы керек.
Мал азығын тасымалдауда Қайырлы Оразов, Оралбек Үмбетов, Даниял Әмреев, Сәбит Жасталапов, Мейрамбек Ақкереев, Сейілбек Айтқалиев, Ернар Бақытов, Еркебұлан Жанат, Асыланбек Өтегенов, Қадыржан Зейнгереевтер жүк көліктерімен бір кісідей атсалысса, Райымбек Жайлаубаев, Есенгелді Мұхтаров, Ержан Сергазиев, Болатбек Зейнуллин өз тракторларымен шөп бумаларын тегін түсіріп көмектесті. Біз, оларға ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз.
Күні бүгінге дейін тізім бойынша 15 әлеуметтік осал топты қосқанда 34 үйге 630 бумалы шөп жеңілдетілген бағамен тұрғындар ауласына түсірілді. Бұл жұмыстар ауылда өткізілген акция негізінде ұйымдастылылды, - дейді ауыл әкімі.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы