Қазақстанның болашағы – оның жастары. Елдің дамуы мен жаңаруында жас буынның рөлі зор. Сондықтан да жастарды мемлекеттік қызметке тарту — стратегиялық маңызы бар мәселе.

«Мемлекеттік қызметті жастармен толықтырып, кадрлық жаңаруға жол ашуымыз керек. Бұл – елдің келешегіне салынған инвестиция», – деп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын.
Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі қарқынды жаңғыру кезеңінде тұр. Цифрландыру, ашықтық, кәсібилік – бұлар ел басқарудың басты талаптарына айналды. Мұндай өзгерістер аясында басты назарда – жастардың белсенділігі.
Бұл бағытта елімізде бірқатар нақты қадамдар жасалып, заңнамалық негіздер қалыптастырылған. Жастарды қолдау бойынша бірнеше маңызды заң актілері мен бағдарламалар қабылданды.
Соңғы өзгерістерге сәйкес, жоғары оқу орнын үздік (GPA 3.33 кем емес) аяқтаған түлектерге ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға бір жыл ішінде конкурссыз орналасу құқығы берілген. Өзгерістер енгізілгеннен бастап мемлекеттік қызметке 59 түлек орналасты.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жастардың мемлекеттік қызметке бейімделуіне жағдай жасау, тәжірибе және тағылымдама жүйесін заңнамалық тұрғыда күшейту мақсаты қойылған.
Қазіргі таңда, департамент пен Мемлекеттік басқару академиясының өңірліқ филиалымен 2018 жылы «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектібінің ашылып, жастар арасында мемлекеттік қызмет институтын танымалдандыруға үлесін қосуда. Оқыту шеңберіңде тыңдаушылар маңызды заңнамалық актілермен танысып, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтеді.
Жастарды қолдау мақсатында маңызды қадамдардың бірі – кадрлық резервті қалыптастыру. Елімізде екі негізгі бағытта кадр резерві жүзеге асырылып келеді: Президенттік жастар кадр резерві және өңірлік кадр резерві. Екі жоба да дарынды, кәсіби және жаңашыл ойлайтын азаматтарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған.
Президенттік жастар кадр резерві – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы бастамасымен іске қосылған стратегиялық жоба. Мақсаты – еліміздің дамуына серпін бере алатын жас, білімді, кәсіби мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту. Бүгінде аталмыш резервке кезекті іріктеу өткізілуде, өңірімізден осы іріктеуге 300 астам азамат қатысуда.
Өңірлік кадр резерві – облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жүзеге асырылатын, жергілікті мемлекеттік басқаруға арналған резерв. Бұл жоба өңірлерге жаңа көзқарас пен жаңа күш әкелуге бағытталған. Аталмыш жобаға іріктеу 2024 жылы алғаш рет өткізіліп, өңірлік кадр резервіне 30 азамат енгізілді және 50% жұмысқа орналасты.
Заңнамалық актілермен бекітілген мүмкіндіктер мен резерв жүйесі, жеңілдік шарттары — барлығы жастарға сенім білдірудің дәлелі.
Мемлекеттік қызмет — бұл тек жұмыс орны емес, ол елге қызмет етудің жоғары жауапкершілігі. Бүгінгі жастарды қолдап, олардың мемлекеттік басқаруға араласуына жол ашу — еліміздің тұрақты даму кепілі.
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы
бойынша департаменті