20.08.2025, 23:00
Оқылды: 246

Облыс әкімінің орынбасары Жаңақала ауданына келді

Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ішкі саясат, білім, мәдениет, спорт, дін салаларына жетекшілік ететін Қайыржан Меңдіғалиев Жаңақала ауданына іссапармен келді.

image-20-08-25-08-18-4

Алдымен аудан әкімдігінде жиын өтіп, өзекті мәселелер талқыланды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Жаңақала колледжіне арнайы барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.

image-20-08-25-08-18-1

Колледж директоры Самат Ермекқалиев биылғы жөндеу жұмыстары мен оқу орнының қазіргі әлеуеті туралы баяндап, жатақхана, кітапхана және әкімшілік ғимаратты аралатты. Қайыржан Ермекұлы колледждің жабдықталуына оң бағасын берді. Өз кезегінде аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев ЖОО-ның алғашқы курс студенттерін осы колледж арқылы оқыту туралы ұсынысын жеткізді.

image-20-08-25-08-18-3
Сондай-ақ облыстан келген мейман Көпжасар ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан Д.Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектептің құрылыс барысымен танысты. Мердігер компания өкілдері мен аудан басшылығы жұмыстың жоспары мен аяқталу мерзімі туралы баяндап, жаңа оқу жылына дейін тапсырылатынын жеткізді. Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің басшысы Даниал Танзенов пен ауыл әкімі Нұрбол Бектілеу мектептің қазіргі заман талабына сай жабдықталатынын және мектеп ауласына абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек кетті.

image-20-08-25-08-18-6
Сонымен қатар Қайыржан Меңдіғалиев ауылдық мәдениет үйіне де аялдап, ондағы кітапхана мен музейдің жұмысымен танысты. Жаңадан түскен әдебиеттер мен мұрағаттағы жәдігерлерді қарап, қызметкерлердің жағдайына қанықты.
Сапар қорытындысында Қайыржан Меңдіғалиев білім беру нысандарының жаңғыруы мен материалдық-техникалық базаның нығаюы – сапалы білімнің кепілі екенін атап өтіп, білім саласының дамуына да тұрақты қолдау болатынын айтты.

Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале