21.08.2025, 15:15
Оқылды: 265

Анаға сыйлық

Бір жерден екінші жерге көшіп барғанда әуелгіде адамдар жаңа ортаға үйренісе алмай, біразға дейін тосырқап жүреді. Анасы мен баласы «Алматы-1»-ден «Алматы-2» теміржол бекеті маңына көшкен еді.

WhatsApp Image 2025-08-21 at 15.35.36

– Бір жерге жығылып қалмашы, балам! – деп күн сайын ескертеді шешесі. Бала алдындағы тамағын асыға-үсіге ішіп, бір нәрседен құр қалғандай далаға жүгіреді. Ойынға асыққан баланың күндегі әдеті осы. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы шығар-ау шамасы.

Асхаттың анасы – керемет жан. Есімі – Зейнеп. Алайда неге екені белгісіз ел-жұрт оны Зоя дейді. «Неге бұлай?» деп сұраған жан болсашы. Көрші балалар  күн батысымен, кеш болысымен тығылмаш ойнауға шығады. Олардан Асхат та қалысқысы жоқ. Тығылмаш ойынында талақша жабысқан «голя» деген нәрсе бар. Теріс қарап, көзін жұмып, онға дейін санаған соң бұрыш-бұрышқа, қуыс-қуысқа тығылғандарды іздей бастайтын баладан белгіленген жерге бұрын жетпесең бітті, «голясың». Әбден шаршаған олар үйге түн ортасы ауа кірді. Сөйтіп, Асхат таңертең мектепке барды. Сыныпта қиялға беріліп, үйге ертерек  барсам ғой деп отырған бала мұғалімнің:

– Садыров! – деген даусынан селк ете қалды. – Тұр орныңнан! – деді Рабиға апайы қабағын түйіп. – Тақтаға шық,  сабаққа  дайынсың  ба?

– Жоқ апай, дайын емеспін, – деп оқушы кінәлі адамша  көзімен  жер  шұқыды.

– Тақтаға шық дедім ғой саған.

Асхат тапсырманы орындай алмай біраз қиналды. Бала Виет, Лейбниц, Ферма сияқты ұлы математиктердің өміріне қатты қызыққанымен, тақтадағы жыпырлаған теңдеулерді шешуге келгенде дәрменсіз-тұғын. Оның парталас  досы Марат сабаққа алғыр оқушы. Ол бір нәрсе деп сыбырлап әлек. Алайда Асхатқа анық  ештеңе естілмейді.

– Ал, Асхат,  есепті шығардың ба? Теңдеудің  шешімін таптың ба?

– Жоқ, апай, – деді бала қарадай қысылып.

– Отыр, екі!

Асхат мұндай баға алғанына қатты ұялды. Алайда  апайымен  сөз  таластыруға  батпады.

– Ой, сен де. Айтып жатсам естімейсің ғой, – деді Марат парталасына ренжіп. Қоңырау да соғылды. Шыны керек, Асхаттың бұл мектепке ауысып келгеніне де көп болған жоқ. Бар болғаны, екі-ақ ай. Сондықтан оның әлі де ортаға сіңісе алмағаны анық байқалады. Мектеп пен үйдің арасы бір-ақ аялдама. Қорғасындай ауыр қазбауыр бұлттар төбеден төнуде. Бір кезде жаңбыр құйды келіп. Асхаттың анасы сауда жасайды. Теміржол бекетінде жеміс-жидек сатады. Аз-кем уақыттан соң Зейнеп те келді. Үсті-басы малмандай су. Жауынның тоқтайтын түрі жоқ. Қайта, үдей түсуде. Анасы үстіндегі сұр күртешесін шешіп, баласын айналып-толғана бастады.

– Құлыным, менің! Менің бар үмітім – сенсің, балам, – деді Зейнеп терезеге қарап. – Сен ақылдысың ғой, мені түсінесің.

Зейнеп күлді. Балаға анасы күлгенде айналасына шуақ шашатындай боп көрінетін.

– Сабағың қалай? Асхат ішінен «Не деп жауап берсем екен» деп ойлады. Өтірік айтса, келесі аптадағы ата-аналар жиналысында бәрі аян болмақ. Шындығын айтайын десе, шешесінің бұл жаңалыққа қуана қоймайтыны даусыз. Қайтпек керек?! Бірақ Зейнеп ұлын: «Өтірік айтпа, қандай жағдайда да тек шындықты айт», – деп үйреткен-ді.  Сәл  бөгелістен  соң  бала  күмілжи:

– Мама, бүгін мен математикадан екі алдым... – деді басын қасып. Мұны естіген анасы ренішін  ашық  білдірді:

– Сен  мені ұятқа қалдырдың, балам. Бүгіннен бастап оқуыңды қадағалаймын. «Менің балам сабаққа мықты!», – деп көрші-көлемге мақтанып жүрсем. Ал  сенің тірлігің мынау. Одан да оқуды қойып, мен секілді саудагер бол, базарға шық.

Асхаттың көзі жасқа толып, шөптің сабағына қонақтаған  таңғы  шықтай  үзілгелі  тұр.

– Жылама, ер бала емессің бе?! Көтер басты!

Сөйтіп, күнде жұмыстан кейін Асхат анасымен бірге сабақ орындайтын болды. Содан әлгі бір жағдай түзеле бастады. Алайда Асхат үшін математика алынбас қамалдай көрінді. Бірде сабақтан ерте келген бала ойынға айналып, бәрін ұмытып кеткен-ді. Бәрі жиналып теміржол бекетінің жанындағы ескі рельспен жүріп, бір-бірімен жарысты. Кімде-кім сүрінсе, «соқыр теке» болады. Сол күні Ерік «соқыр теке» болды. Балалар оның көзін орамалмен байлап, айналдырып-айналдырып жіберді. Ерік біразға дейін айналсоқтап жүрді. Балалар мәз. Асхат сағатына қараса, кешкі алтыдан асыпты. Бұл – анасының үйіне тамақ ішуге келетін уақыты. Ол жүгірген бойы үйдің қақпасына бір-ақ тірелді. Алыстан сиренаның дыбысы талып жетті. Қорқа-соқта ішке еніп еді, анасы шай ішіп отыр екен. Ашулы сияқты.

– Ой, ойының осылғыр, қайда жүрсің? Сен бала бар ғой... шашымды ағартып біттің, – деп оның арқасынан  дүңк  еткізіп  бір  қойды.

– Не болды, мама?

– Не болғаны несі? Сабағыңа дайындал, оқы, «Адам бол!» деп қанша рет қайталауым керек. Теміржол бойында ойнамаңдар дегенім қайда?! Оны да тыңдамадың. Айта-айта аузым ауырды. Әне, Айсараның баласы «соқыр теке» ойнаймын деп құдыққа құлап, тобығын тайдырып алыпты. Ендігәрі, сол жерге барады екенсің, аямаймын, – деді  сұстанып.

– Болды бармаймын, мама.

– Отыр да сабағыңды орында.

Бала үш сағаттай сабаққа дайындалды. Оның мақсат-мұраты – математика пәнінен «бес» алу. Арайлап таң атты. Бір құдіретті күш айналаны бояп қойғандай жап-жарық, ерекше қанық.

– Бүгін есептен бес алмайды екенсің, менен жақсылық күтпе! – деді анасы.

Анасының зілді даусы ұлына күш-қуат бергендей болды.  Оқушы мектепке асығып барады. Ол сыныпқа енгені сол еді, қоңырау  да  соғылды.

– Сәлеметсіңдер ме, балалар? – деді Рабиға апай.

– Сәлеметсіз бе, апай! – деді 6 «а»-сыныбының оқушылары. Асхаттың даусы соңғы боп естілгенін мұғалім сезіп қойса керек, кабинеттің ішінен көзбен тауып алды да:

– Сабаққа дайынсың ба, Садыров? – деді сұраулы жүзбен. Асхат бүгінге берілген тапсырманы ең кемі жеті рет оқыған.  Жауап та ұзақ күттірмеді:

– Дайынмын!

Бұл – өзіне өте сенімді адамның сөзі еді.

– Онда тақтаға шыға ғой.

Асхат тақтаға шыға салысымен-ақ сайрай жөнелді. Ойында тек «5» деген баға тұрды.

– Тоқта!

– Мен тағы бір тапсырмаңызға да дайындалып  келдім, апай. Айтайыншы!

– Жақсы, Асхат, жарайсың! Бүгінгі бағаң – 5! Бүгін мен Асхат Садыровқа ерекше ризамын. Осы бетіңнен қайтпа, жарай ма?! Көрдіңдер ме, балалар, дайындалса, Асхат та «5» ала алады екен! Рас қой?

– Рас! – деп Асхаттың сыныптастары шу ете түсті, мұғалімнің сөзін қағып алып. Ол мектептен шыға салысымен,  үйіне жүгірді. Бойын мақтаныш сезімі кернеп бара жатқан ол: «Үйге қарай жүгірген жаман ырым» дегенді де ұмытып кетті. Енді қайтсін, тезірек  анасын қуантқысы  келеді  ғой!..

Әлібек Байбол,

Алматы қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале