Бүгін облыс орталығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен жыл сайын дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Бұл тағылымды шара Батыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылды.
Байқауға облыстың 12 ауданынан және Орал қаласынан барлығы 100-ден астам отбасы өтінім берді. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 21 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Солардың қатарында Жәнібек ауданынан қатысқан Сағадатовтар отбасы да бар.
Өнегелі дәстүрді дәріптеп, татулық пен берекенің, сыйластықтың үлгісін көрсете білген әулетті бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев құттықтап, аймақ басшысы Нариман Төреғалиевтің алғысхатын табыстады.

Ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ынтымақ пен еңбекқорлықты ту еткен Сағадатовтар әулеті бүгінгі қоғамға үлгі боларлық өнегелі шаңырақ екенін тағы бір дәлелдеді. Әр істі адалдықпен атқарып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен бұл әулет ұрпақ жалғастығын сақтап қана қоймай, жас буынды тәрбиелеуде де елеулі еңбек етіп келеді. Сол игі қасиеттері үшін Сағадатовтар отбасы «Өнегелі отбасы» аталымымен марапатталып, салтанатты жиында арнайы сыйлықтар мен қошеметке бөленді.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы