21.08.2025, 23:25
Оқылды: 341

«Мерейлі отбасы – 2025»: шыңғырлаулық қос отбасы үздіктер қатарынан көрінді

Орал қаласындағы Салтанат сарайында ҚР Президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық комиссияның бастамасымен жыл сайын өтетін дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2025» облыстық конкурсының шешуші кезеңі өтті.

image-21-08-25-07-54-4

Әлденеше жыл ел-жұрттың ыстық ықыласына ие болып жүрген бұл шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі тікелей қолдау білдіріп келе жатқанын да айта кеткен ләзім.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Шыңғырлау ауданының абыройын асқақтатқан қос отбасы – Касетовтер мен Кужиевтер отбасы жүлделі орындарға ие болды.

Көпбалалы, берекелі әулет ретінде танылған Касетовтер отбасы облыстық кезеңде  жүлделі ІІІ орын иеленіп, ауданымыздың мәртебесін көтерді. Бұл отбасы – өнегелі тәрбиемен белсенділігімен де ерекшеленеді. Отбасы мүшелері түрлі салада еңбек етіп, елге үлгі болуда.

image-21-08-25-10-57-4

Ал теміржол саласында бірнеше буын еңбек еткен Кужиевтер отбасы  «Еңбек династиясы» номинациясына лайық деп танылды. Бұл отбасының өкілдері атадан балаға жалғасқан кәсіби жауапкершілік пен еңбекке адалдықты сақтап келеді. Кужиевтердің бірлігі мен кәсіби шеберлігі – жас ұрпаққа үлгі.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Айгүл Жоламанова бұл жетістікті:

«Ауданымыздан шыққан осындай өнегелі, еңбекқор, бірлігі жарасқан отбасылар – ел болашағы үшін маңызды. Бұл – отбасылық құндылықтардың жаңғыруы», – деп атап өтті.

Касетовтар отбасының анасы «Күміс алқа» иегері Жұмагүл Нұрғазиева өз әсерімен бөлісті:

«Ұлттық байқауға қатысу – үлкен жауапкершілік. Бұл бізге тағы бір мәрте отбасы бірлігінің маңызын сезіндірді» десе,  Кужиевтер әулетінің анасы Зылиха әжеміз:

«Теміржол – біздің өмірлік жолымыз. Ұл-қыздарым сол жолды жалғап келеді. Мұндай құрмет бізге үлкен күш береді», – деді.

Бұл марапаттар – жай ғана жүлде емес, тұтас бір ауданың құндылықтарын дәріптеудегі елеулі жеңіс. Берекелі отбасы – елдің берекесі екенін дәлелдеген қос әулеттің бұл табысы – барша аудан тұрғындарына мақтаныш.

Светлана Ешматқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале