25.08.2025, 12:30
Оқылды: 155

Үшауысымды оқыту мәселесі жойылды – Оқу-ағарту министрі Шымкент қаласының білім беру ұйымдарына барды  

Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкенттегі бірқатар білім беру ұйымдарына барды. Ол балалардың қауіпсіздігі, мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету, тамақтануды ұйымдастыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі жазды
_gluster_2025_8_25_ab89fcad8fc99400c29058ff98222930_1280x720
Сурет: gov.kz

Бүгінде қала мектептерінің қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді. Барлық мекемелер бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған және ІІМ Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бейнежазба әкімдіктің Ахуалдық орталығына да таратылады, бұл жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Мектеп инфрақұрылымында да үлкен өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 жаңа мектеп салынды. Солардың бірі – 2030 оқушы білім алатын №144 мектепке министр арнайы барды. Министрдің айтуынша, жаңа мектептердің құрылысы тығыз орналасқан шағын аудандардағы жүктемені азайтып, әрбір балаға жайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Қала әкімі қазіргі таңда үшауысымды оқыту мәселесі толығымен шешілгенін айтты.

Мектептерді жаңғырту жұмыстары реновация бағдарламасы аясында да жалғасуда. Шымкентте бұл жұмыстар 11 білім беру ұйымын қамтып отыр. Солардың бірі – Сайрам тұрғын алабындағы №109 мектеп. Мұнда жақында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, мектеп заманауи және қауіпсіз стандарттарға сай жағдайға келтірілді.

Білім беру жүйесін дамыту білікті кадрларсыз мүмкін емес. Педагогтермен кездесу барысында министр қазіргі мектеп тек оқушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта ғана емес, сонымен қатар мұғалімдер үшін де кәсіби өсу орнына айналуы керектігін атап өтті. Мемлекет педагогтерді қолдау және олардың кәсіби дамуы үшін барлық жағдайды жасап отырғанын жеткізді.

_gluster_2025_8_25_96f708686f715e883ee9d978041c88d7_1280x720

Сапар барысында инклюзивті білім беру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Сайрам көмекші мектеп-интернаты-колледжінде министр ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жасалған жағдайлармен танысты. Бүгінде Шымкент қаласында инклюзивті білім берумен қамту көрсеткіші балабақшаларда – 96%, ал мектептерде – 95% құрап отыр. Ұлттық деңгейде «Ерекше білімді қажет ететін балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленуде.

Министр жұмыс сапары аясында Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне де барып, студенттерге арналған материалдық-техникалық база мен оқу жағдайларымен танысты. Колледж өңір экономикасы үшін аса қажет техникалық және жұмысшы мамандықтар бойынша мамандар даярлауда.

Сонымен қатар, Ғани Бейсембаев №2 Оқушылар сарайында оқушылармен және педагогтермен кездесіп, мемлекет тарапынан қосымша білім беру саласына жүйелі қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Соңғы үш жылда елдегі қосымша білім беру ұйымдарының саны екі есеге артса, биылдың өзінде бұл салаға 400 жаңа ұйым қосылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа оқу жылынан бастап Шымкенттегі Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмыс істейтін болады.

_gluster_2025_8_25_44ffb331ca401b5d75adc7c8bf1e0e11_1280x720

Бүгінде Шымкент қаласында 1100-ден астам білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 290 мектеп бар. Бұл мектептерде 271 мың оқушы білім алып, 32 мың мұғалім еңбек етуде.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале