Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 31 тамыздан бастап күшіне енетін заң нормасының мәнін түсіндірді.

- Биылғы 31 тамыздан бастап заңдағы жаңа өзгеріс күшіне енеді. Бұл өзгеріс несиені мерзімінен бұрын жапқаны үшін комиссиялық төлемді немесе айыппұлды тек заңды тұлғалардан ғана алуға рұқсат береді. Бұл тұтынушылардың құқықтарын күшейтіп, несие қолданғаны үшін артық төлейтін соманы төмендету үшін жасалып отыр. Енді артық төлем тек несиені қолданған мерзімге ғана алынады. Мерзімінен бұрын толық немесе ішінара жауып тастаған жеке тұлғалардан комиссия мен айыппұл алынбайды, - агенттіктің әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің бас маманы Дмитрий Акмаев.
Бірақ бұл несиені ресімдеген келісімшарттың мәтінінде жазылған шарттарды мүлдем ескерудің қажеті жоқ деген сөз емес.
- Азаматтар несиені рәсімдеген келісімшартта мерзімімнен бұрын жабатын несиенің минималды сомасы немесе нақты сома көрсетілген болуы мүмкін екенін ескеру керек. Мысалы, банк немесе микроқаржы ұйымы келісімшартта несиені мерзімінен бұрын жабуға айлық төлемнің көлемінде ғана немесе жартысына тең мөлшерде ғана рұқсат етілетінін жазып қойған болуы мүмкін. Несиені мерзімінен бұрын жабар кезде осыны міндетті түрде ескерген абзал, - деді агенттіктің бас маманы.
Заң нормасы күшіне енгенімен несиені мерзімінен бұрын жабардың алдында несие берген банктің немесе микроқаржы ұйымының мамандарының алдынан өту керек.
- Заңдағы жаңашылдық тек қайта жасалатын келісімшарттарға ғана жүреді немесе несие мерзімі ұзақ және мерзімінен бұрын жапқаны үшін айыппұл қарастырылған болу керек. Мұндай жағдайда тұтынушы өзіне несие берген ұйымға келісімшартты қайта қарау туралы өтінішпен жүгінуге хақылы, - дейді Дмитрий Акмаев.