Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, «Каиров», «Амангелді», «Жеңіс» ЖК мен «Жалпақтал» АШӨК киік етін ұшалай (туша) сатып жатыр. Аталған кәсіпорындар сұранысқа байланысты өңірде және облыстан тыс аумақтарға киік етін өткізуде. Ақбөкен етінің бір келісі – 1 300-1 600 теңге. Яғни көтерме саудадағы бағасы – 1 300 теңге болса, бөлшек саудада – 1 500-1 600 теңге аралығында.

Бүгінгі таңда өңірдегі мал соятын нысандарға 7 990 киік ұшасы жеткізілді. Соның ішінде 3682-сі «Кублей» ЖШС-ға, 4308-і өзге кәсіпорындарға берілді. «Кублей» ЖШС киік еті мен ішкі құрылыстарын терең өңдеп, қалбырлар өндіруді жоспарлап отыр. Кәсіпорын қалбыр өндірісін қуаттылығына сәйкес қажетті шикізат көлемін толық дайындаған соң бастамақ.
Ет комбинаттарына тапсырылған 4 308 бас киіктің 408 ұшасы сұранысқа сәйкес облыс аумағында, ал 2005 ұшасы Маңғыстау, Ақтөбе және Түркістан облыстарына сатылған. Киік етін алғысы келетін жеке тұлғалар мен бөлшек саудада сатуға қызығушылық танытқандар жоғарыда аталған кәсіпкерлер мен АШӨК-ке хабарласа алады. Өңірде киік санын реттеу жалғасуда.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»