26.08.2025, 17:45
Оқылды: 451

«Бір пара қағаз қолбайлау болып отыр»

Сырым ауданындағы Тоғанас ауылының тұрғыны Батырбек Хатият қазір бөдене өсірумен айналысады. Ол 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыз үстемемен 6 млн теңге несие алып, құс шаруашылығын бастаған.

МСалық (2)

«Туған жерім Алғабас ауылы» деп әңгімесін бастаған кейіпкер осыдан он жыл бұрын Тоғанасқа жұмыс бабымен қоныс аударған. Бүгінде Тоғанас ауылдық амбулаторияда фельдшер болып еңбек етуде. Мемлекеттік бағдарламаның игілін көріп отырған кәсіпкер, барша азаматты кәсіп ашып, қосымша кіріс көзін табуға шақырды.

– Несие қаражатына бөдене балапандары мен торларын сатып алдым. Оған қоса, арнайы тапсырыспен Шымкент қаласынан сыйымдылығы 500 балапанды қамтитын инкубатор алдырдым. Бөдене құсы тұратын қораның температурасын қалыпта ұстайтын аппаратты да несие қаражатының күшімен орнаттым. Орал қаласындағы бөдене өсірумен айналысатын кәсіпкерден балапандар сатып әкелдік. Алғашында 2000-ға жуық бөдене балапаны болған еді. Оларды өскесін сойып, етін саудалап, құс санын шектедік. Қазіргі таңда 350 балапан, 150 ересек бөдене бар. Бөдене жұмыртқасы 40 теңге тұрады. Супермаркеттерге көтермеақы негізде 35 теңгеден саудалаймыз. Етінің келісі – 4000 теңге. Бөдене аналықтары әр күнде әрқилы жұмыртқа береді. Орташа есеппен күніне 100-150-дің шамасы аралығында өнім беріп тұрады. Бөдене балапандары 4-5 ай толғанда жақсы салмақ қосып, май жинайды. Осы бір уақытта оларды сойып, етін саттықа шығарамыз. Құс азығына айына 100 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсаймыз. Олар өте сезімтал, тағамды да талғайды. Егер дұрыс азықтанбаса, жұмыртқа тумай, күйі түсіп кетеді. Мен бөденелерге комбикорм деп аталатын құрғақ жем қоспасын беремін. Оны Орал қаласынан өз көлігіммен алып келемін. Жем қоспасы балғын болуы керек. Егер көп мөлшерде сатып алып қойып, ол біраз тұрып қалса, құстар жемей қояды. Бағдарлама аясында берілген несие демалысы аяқталды. Үш ай сайын 380 мың теңге төлеймін. Қазір несиенің алғашқы тоқсанын сәтті жауып, толық төлем жасадым, – дейді кәсіпкер.

«Хатият» жеке кәсіпкерлі-гінің басшысы Батырбек жұмыртқаны сатуда бір ғана қиындық бар екенін сөзіне өзек етті. Оның айтуынша, ірі сауда орындары жеке кәсіпкерліктің сертификатын талап ететін көрінеді. Десе де, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметі бөдене жұмыртқасына зерттеу-тексеріс жұмысын жүргізіп, тұқымның құрамы таза деген анықтама құжатын берген. Бұл құжатпен анда-мұнда шапқылағанымен, бір жыл бойы сертификатты еншілей алмай жүргенін айтады кәсіпкер.

– Осы сертификатқа қолымыз жетсе, жұмыртқа өнімін 500-ге дейін көбейтіп, оны супермаркеттерге оңай сатушы едік. Бөдене жұмыртқасы нарықта үлкен сұранысқа ие. Қазір бір пара қағаз өнім көлемін молайтуға қолбайлау болып отыр, – дейді жеке кәсіпкерлік иесі Батырбек Жайғалиұлы.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале