27.08.2025, 9:15
Оқылды: 230

Қайрат – Чемпиондар лигасында

Алматының «Қайрат» клубы тарихи жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұл – араға он жыл салып қазақ футболының тағы бір мәрте Еуропа төріне шығуы.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.08.44 (2)

Сырт алаңдағы 90 минут та, Алматыдағы 120 минут та тең есеппен аяқталды. Матч тағдырын пенальти сериясы шешті. Дәл осы сәтте қақпашы Темірлан Анарбек қаһарманға айналды. Ол қатарынан үш бірдей пенальтиді қайтарып, «Қайратқа» тарихи жеңісін сыйлады.

Команда құрамында біздің жерлесіміз, «Ақжайық» футбол клубының түлегі Еркін Тапалов та өнер көрсетті. Ол негізгі ойыншылардың бірі ретінде 117 минут бойы алаңда тынымсыз күресіп, қарсыласты қыспаққа алып, жоғары деңгейде ойынымен көзге түсті.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.08.44 (1)

Азулы «Селтикті» жолдан тайдырған алматылықтар енді «Реал», «Барселона», «Ливерпуль» сияқты әлемнің ең мықты клубтарымен бір топқа түсуі мүмкін. Бұл тек спорттық оқиға ғана емес, ел экономикасына да серпін беретін үлкен мүмкіндік. Көршілес елдерден жанкүйерлер ағылып келіп, Қазақстан футболының мерекесіне куә болмақ.

Сонымен қатар, топтық кезеңге өту арқылы «Қайрат» шамамен 18 миллиард теңгеге жуық қаржы табыс етеді. Бұл – клубтың дамуына ғана емес, бүкіл ел футболына жаңа дем беретін ауқымды пайда.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.08.44

Бұл жеңіс – футбол ғана емес, ұлт рухының жеңісі. Бүгінгі ойынға куә болған қазақтың қара домалақ балалары батыр Темірланға, қайсар Еркінге қарап бой түзейді, арманға ұмтылады. «Қайраттың» жеңісі – олар үшін де шабыттың бастауы.

«Қайраттың» жеңісі – бүкіл елдің жеңісі. Қазақ футболы жаңа дәуірге қадам басты.

Бекзат Қанаділов,

zhaikpress.kz

Фото: “Қайрат” ФК Instagram парақшасынан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале