Бүгін Ақжайық ауданы Чапаев ауылының орталық базарында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда аудан тұрғындарына оқу құралдары мен мектеп киімдері нарықтағыдан төмен бағада ұсынылды.

Жәрмеңкеге аудан орталығындағы «Балалар әлемі», «Айару» дүкендері, «Шаңырақ» сауда орталығының кәсіпкерлері және Орал қаласынан «Ахмет» көтерме сауда орталығы өз тауарларын шығарды.
Мұнда дәптерлер 25-30 теңгеден, қаламсаптар 35-40 теңгеден, күнделіктер 500 теңгеден, спорт костюмдері 7 мың теңгеден, ал сөмкелер 3 мың теңгеден сатылды.

Аудан тұрғыны Жәдігер Қазиевтің үш баласы биыл мектепке барады: «Өзім қарапайым жұмысшымын, жұбайым бала тәрбиесімен үйде отыр. Бірден үш баланы мектепке дайындау оңай емес. Осындай арзан жәрмеңкені ұйымдастырғандарға ризамын» – дейді ол.

Шараны аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі бірлесе ұйымдастырды.
Айта кетейік, биыл аталмыш акция аясында аудан әкімдігі, дербес бөлімдер, мекеме-ұйымдар әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына кеңсе тауарлары, мектеп киімдерімен көмектесіп, балаларды қуантты.
Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы