1.09.2025, 16:00
Оқылды: 590

Казталов ауданының Қоныс ауылында 60 орынды жаңа мектеп ашылды

1 қыркүйек Білім күні қарсаңында Казталов ауданына қарасты Қоныс ауылында 60 орындық жаңа Қоныс жалпы орта білім беретін мектебі өз есігін айқара ашты.

IMG-20250901-WA0038

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Бала тәрбиесі – аса маңызды мемлекеттік іс. Әрбір ауылдың мектебі қаладағы мектептен кем болмауға тиіс» деп атап өткен болатын.
Президенттің үш ауысымды және апатты мектептер санын азайту жөніндегі тапсырмасының нәтижесінде міне ауданымызда тағы да еңселі жаңа білім ордасы бой көтерді.

60 орынға негізделген заманауи мектеп «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік серіктестігі арқылы салынды.

IMG-20250901-WA0034

Ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы Мендіғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Нәбиоллаұлы Сафуллин, ҚПО компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы Манкеев, аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов, ардагер ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Мектепке облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиевтің атынан заманауи LED-экран сыйға тартылды. Сонымен қатар, мердігер «Smartech» ЖШС компаниясының директоры Жәнібек Әжмұратұлы Байхатовқа аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

Салтанатты лента қию құрметі облыс, партия және компания өкілдеріне, ардагер ұстаздарға берілді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ауыл жұрты қуанышпен қарсы алды.

IMG-20250901-WA0032

Қоныс ауылының алғашқы мектебі 1948–1949 оқу жылында ашылған болатын. Кейін бірнеше мәрте атауы өзгеріп, 1979–1980 жылдары орта мектеп дәрежесіне ие болды. Бүгінге дейін 471 түлек үлкен өмірге жолдама алып шыққан. Қазіргі уақытта мектепте 101 оқушы білім алады, 29 мұғалім мен 12 қызметкер еңбек етуде.

Салтанат барысында шәкірттер өздерінің ғылыми жобаларын таныстырып, жетістіктерімен бөлісті. Олардың қатарында республикалық және облыстық «Зерде» ғылыми жобаларының жүлдегерлері бар. Сонымен қатар жас ұстаздардың «Жас Абай» атты сахналық қойылымы көрсетілді.

Қоныс ауылында ашылған жаңа мектеп – білім мен тәрбие ордасы ғана емес, ауылдың болашағына деген үлкен серпін. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алып, ғылым мен өнерде биік жетістіктерге жетуіне жол ашатын қасиетті шаңырақ, сондай-ақ ауыл болашағына салынған инвестиция.

IMG-20250901-WA0022

Жаңа мектеп заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда спорт залы, шағын футбол алаңы, оқу-жаттығу алаңы бар. Оқушылар үшін шығармашылық және ғылыми үйірмелерге қатысуға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ жаңа ғимарат кең, жарық кабинеттермен, заманауи жабдықтармен, оқу мен тәрбиеге қажетті барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Бұл Қоныс ауылының оқушыларына үлкен серпіліс беріп қана қоймай, ұстаздардың да шығармашылық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік.

Жаңа оқу жылы жаңа білім ордасында басталғаны ауыл халқы үшін үлкен қуаныш пен тарихи оқиға болып қалмақ.

Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале