2.09.2025, 18:00
Оқылды: 263

Арман болған матч: Алыпсатарлар футбол мерекесінің сәнін бұза ма?

Алматы аспаны астында 30 қыркүйек күні футбол тарихындағы ең ұлы сәттердің бірі жазылмақ. Қазақ футболының мақтанышы «Қайрат» Еуропа төрін жаулаған «Реал Мадридті» қабылдамақ. Бұл – жай ғана матч емес. Бұл – Қазақстан спортының абыройын асқақтататын, жанкүйер жүрегін дүр сілкіндіретін тарихи күн.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.08.44 (2)

Алайда стадион алауын маздататын қуаныштың көлеңкесінде көптен бері жанкүйердің жанын ауыртып келе жатқан мәселе бар: алыпсатарлық. Бүгінде билеттердің сатылымға шыққаны туралы ресми хабар жоқ. Жақында құны туралы жалған ақпарат тарап, жұрт арасында дүрлігуді туғызды. Бұл хабарлама уақытында тоқтатылғанымен, жанкүйерлердің күдігі сейілмеді.

«Реал» – әлем футболының алыптары. Оны көруге асыққан халық қарасы да қалың болары сөзсіз. Бірақ көптің алаңдаушылығы – ойын алдындағы адалдықтың сақталуы. Қолына түскен әрбір билетті қара базарға шығаратын алыпсатарлардың әрекеті шынайы жанкүйердің арманын аяқ асты етуі мүмкін.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.08.44 (1)

Спорт журналисі Түгелбай Бисен мәселені ашық айтып отыр:
«Билеттердің тек онлайн сатылуы бақылауды қиындатады. Бұл құбылыс тек Қазақстанға тән емес. Әлемнің қай бұрышында да атақты клубтар ойнайтын матчтарда алыпсатарлықтың көлеңкесі қылаң береді. Билеттің әділ, ашық сатылымы – жанкүйер мәдениетінің көрсеткіші. Қазірден бастап қатаң бақылау орнатпасақ, бұл үлкен футбол мерекесін қарапайым жанкүйерлер көлеңкеден тамашалауға мәжбүр болуы мүмкін», – дейді ол.

Бұл мәселе тек бізге тән емес. Англияның өзінде клубтар әр билетті сатып алушының атына тіркейді, ал қайта сату тек ресми платформа арқылы жүзеге асады. UEFA турнирлерінде де әр жанкүйер жеке деректерін енгізіп қана билет сатып ала алады.

Ал «Ливерпуль» клубы биылғы маусымда 100 мың жалған аккаунтты өшіріп, 75 жанкүйерге өмірлік тыйым салды. Бұл – футболдағы адалдық үшін күрестің айқын мысалы. Әлемдік тәжірибе бізге де ой салуы тиіс.

Әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің дауысы бұрынғыдан да қаттырақ шығып жатыр:
«Бұл матч – тек ойын емес, ұлт рухын көтеретін мереке. Біз оны көлеңкелі саудаға айналдырмай, нағыз жанкүйерлерге жол ашуымыз керек», – дейді фанаттар қауымдастығының белсенділері.

Олар «Қайрат» клубынан:

әр сатып алушыға билет лимитін енгізуді,билетті нақты адамның атына тіркеуді, ресми қайта сату алаңын құруды, алыпсатарларға қатаң шара қолдануды талап етіп отыр.

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.08.44

Бұл – қарапайым жанкүйердің шынайы футболға деген махаббатының үні.

30 қыркүйек – Алматы үшін тарихта алтын әріппен жазылатын күн. Бұл матч – футбол тойы ғана емес, жанкүйер мәдениетінің сынға түсер шағы. Билет бағасы мен сатылым тәртібі әлі жарияланбады, бірақ жанкүйер жүрегі әділдікке үміт артып отыр.

Егер клуб билеттің қолжетімді әрі ашық сатылуын қамтамасыз етсе, бұл тек бір ойынның емес, қазақ футболының мерейін өсіретін қадам болмақ. Футбол алаңының әрбір трибунасында – нағыз жанкүйердің шынайы эмоциясы, қуанышы, арманын арқалаған үміті тұруы тиіс.

Бекзат Қанәділ,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале