Отбасы – қоғамның кішкентай бөлшегі ғана емес, оның айнасы. Әрбір азаматтың тәрбиесі, адамгершілігі, болмыс-бітімі алдымен отбасында қалыптасады. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Міне, бүгінгі әңгімеміз Жаңақала ауылында тұратын ерлі-зайыпты Бекмұхан ағамыз бен Айкенже анамыздың өнегелі отбасы туралы болмақ.

Күні кеше алтын тойларын дүркіретіп өткізіп, жарты ғасыр бойы жарасымды ғұмыр кешіп, екі бала сүйіп, немере-жиен, шөберелерінің қызығын көріп отырған ата-әже шынында да бақытты, өмірлері де үлгі етуге тұрарлық.
Бекмұхан Рысмұханов 1952 жылы Жаңақазан ауылында он ағайындының үлкені боп дүниеге келеді. Ауыл мектебін тәмамдаған соң, 1971-1973 жылдары Чита қаласында Отан алдындағы борышын абыроймен өтейді. Елге оралып, әртүрлі салада 40 жыл үздіксіз еңбек етіп, 2008 жылы зейнеткерлікке шығады.

1975 жылы 1 тамызда ауылдасы, Масқар руынан шыққан он баланың тұңғышы Айкенже Жұбандықовамен отбасын құрады. Айкенже анамыз 10 класты аяқтап, Бөрлі техникумында есепші мамандығын меңгереді. 30 жылдан астам білім саласында мамандығына сай еңбек етіп, 2012 жылы құрмет демалысына шығады. Кейіпкерлеріміз күні бүгінде жоғарыда айтып өткеніміздей, Теңіз қалашығында қызмет жасайтын ұлы Медет пен ұстаздық жолды таңдаған қызы Әселден 5 немере, 4 жиен, 1 шөбере сүйіп отыр. Иә, осыдан үш жыл бұрын немересі Төрехан үйлендіріп, төртінші ұрпағының қолынан май жалап отырған бақытты ата-әже. Бір үйде ене мен келіннің келісуі қиын заманда қара шаңырақта қос келін тәрбиелеп отырған Айкенже анамыз да өз заманында үш келін бірге тұрып, артық сөзге келмей, ата-енеге қызмет еткен. «Келін ененің топырағынан» демекші, қолындағы келіндері Аягүл мен Азинурай да үй мен түздің тірлігін тең түлетіп, көнекөз қариялардың батасына бөленіп, көсегелері көгеруде.
- «Отбасылық татулықтың сыры неде?» деген сұрағымызға әулеттің отанасы:
- Кемшіліксіз пенде болмайды. Сондай сәтте бетке басып, көңілге тиюден аулақ болған жөн. Қателікті көрмеуге, кешіруге тырысқан абзал. Ене үлкен боп, көрегенділік танытса, келін кіші боп, ізеттелігін көрсетсе, мәнді де, сәнді өмір деген сол. Шаңырақтың шаттығы мен берекесі әйелге байланысты ғой. Ұлт дәстүрінде ене – тәрбие мектебі болса, келін – сол мектептен өткен шәкірт. Екеуінің арасындағы сыйластық – бүкіл отбасының тыныштығы мен берекесіне тікелей әсер етеді. Аналық мейіріммен қабылдай білген ене мен жүрекпен сыйлай бәлген келіннің арасына ешқашан сызат түспейді,- деп жауап берді.
Балаларын кішкентайынан еңбекке баулып, астарын адалынан табуды үйреткен зейнеткерлер бос жатуды әдетке айналдырмаған. Немере, шөбере бағудан бөлек, аулаларына бақша егіп, лайықты өнім де алып отыр.
- Осы әулетке келін боп түскеніме биыл 35 жыл болды. Ол кезде енем бақилық болған еді. Айкенже абысыныммен 15 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кештік. Маған ене орнына ене бола білді. «Абысын тату болса, ас көп» - дейді. Екеуміздің сыйластығымыз ерекше болатын, сондықтан да абысынымды “мама” деп атап, әлі күнге дейін құрметтеп келемін. Қайнағам мен абысыным әулетіміздің үлкені ретінде үнемі ақылдарын айтып, қолдарынан келгенше көмектерін аяған емес. Екеуіне қарап бой түзедік. Абысыныммен бір салада қызмет еттік. Жұбайым Бейбіт үйдің кенжесі болған соң, күні бүгінде ата-енемізден қалған қара шаңырақта берекелі өмір сүріп жатырмыз. Өзіміз келін түсіріп, ата-әже атансақ та, екеуіне әлі де балаша еркелеп келеміз. Жүздерінен жылу кетпей, арамызда аман жүрсе екен, - деп тілейді келіні Құралай Аманкелдина. Ал он жылдан астам уақыт етене араласып келе жатқан Жұмазия Измулдина: - “Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық” дегендей, Рысмұхановтар жанұясымен Құдай қосқан көршіміз әрі замандаспыз. Күнбе – күн, жүзбе – жүз кездесіп, туыс – туғаныңнан артық амандық – саулық сұрасып, қоян – қолтықша араласып, әр уақытта бір-біріміздің үйіміздің төрінен табылып отырамыз. Бала-келіндері де өте тәрбиелі, білімді, еңбекқор жандар. Айналасына шуақтарын шашып, жан-жағына сыйлы боп отырған Бекмұхан мен Айкенжеге қанаттандырып өсірген балаларының қуанышын молынан көруін тілейміз, - дейді.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туа бітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Біз де бүгінде «отбасы» деген бақыттың ұясын жылылыққа толтырып, түтінін түзу ұшырып, киелі шаңыраққа ие болып отырған асыл жандарға қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Шаңырақтан шаттық пен қуаныш шуағы үзілмей, ұрпақ қызығына кенеле беріңіздер дейміз.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы