Бөкей ордасы ауданы басшысы Нұрлыбек Даумов, орынбасары Азамат Мұхамбетжанов және тиісті сала басшылары мен қызметкерлері «Алан» автокөлік жуу тұрағының ашылуына арнайы барып қатысты.

Өз кезегінде Нұрлыбек Жасқайратұлы аталмыш нысанның иесі Рауан Қажығалиевті құттықтап, кәсібіне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, аудан әкімі ауылдың инфрақұрылымын дамытуға атсалысқан әр азаматты қолдауға дайын екенін айтты.

Айтарлықтай, өз ісін ашу үшін Рауан Қажығалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бес миллион теңгені құрайтын аз пайызды несие алған. Оған қоса төрт миллионға жуық өз қаражатын жұмсаған.

Мемлекеттік бағдарлама және өз қаражатынан жасалған инвестиция арқасында көлік жуу тұрағымен қатар шинамонтаж да ауыл тұрғындарына қызмет етпек.
Кәсіпкер ісі алға басып, сұраныс көбейсе, кәсіп аясын кеңейтпек. Жақын күндері автокөлікті орнынан көтеретін арнайы құрылғы сатып алмақшы екен.
Рауан Қажығалиевтің жоспарымен танысқан аудан басшысы кәсіпкерге аудан тұрғындары және өз атынан алғысхат табыстап, сыйлық тарту етті.
Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы