Шалғай ауылдық округіндегі сайлау жалғасуда. №167-ші сайлау учаскесінің төрайымы Вера Кабанкинаның айтуынша, аталған учаскеде барлығы 529 сайлаушы тіркелген. Алғаш рет дауыс беретіндердің саны – 5 адам. Оның үшеуі келіп өз таңдауын жасап үлгерген. 29 тұрғын үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Олардың бірі – тыл ардагері Клавдия Колесникова.

Ол 1930 жылы Украинада, Харьков облысында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Балалық шағын соғыс өрті шарпыса, жастық кезеңі еңбектің өтінде өтті. 1953 жылдан бастап тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысты: Орал қаласында Клавдия Степановна агроном болып еңбек етіп, кейін ұзақ жылдар бойы ауылдық кеңесте жұмыс істеген. Еңбектегі адалдығы, алғырлығы үшін «Еңбек ардагері», «Украинаны неміс басқыншыларынан азат етудің 60 жылдығы» медальдарымен және «Тыл еңбеккері» төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде Клавдия Колесникованың екі баладан тараған үш немересі және бес шөбересі бар. «Алдыңғы буынның дауысы – бұл өткенге тағылым, бүгінге сенім, жастарға өнеге»,-дейді 95 жастағы кейуана.
Сондай-ақ бұл күні өз учаскесіне келіп, ұстаздар қауымы да таңдауын айқындады.
– Мен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімімін. Сайланатын округ әкімі уәделіжоспарларын толық жүзеге асырады деп күтеміз. Ауылымыздың дамуы жолында нақты істер атқарылып, әрбір бастама орындалғанын қалаймыз. Бізге ашық, халықпен етене араласатын, ауыл өміріне белсене қатысатын әкім қажет. Ол тұрғындарды бірлікке ұйыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдырады. Ауылымыздағы тыныштық пен тәртіпті сақтап, әрдайым ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі маңызды. Мен өзім осы ауылда туып-өстім, ұстаздық қызметте еңбек еткеніме 5 жылдан асты. Сондықтан ауылымыздың болашағына алаңдап, жақсылығына қуанып, қиын сәтте жаным ашып тұрады, – дейді ауыл тұрғыны, ұстаз Кристина Мазгузиева.
Көпбалалы жанұялар да саяси додадан тысқары қалмады.

– Үш жыл бұрын осы ауылға қоныс аудардық. Сайлауда шалғайлықтармен бірге алғаш рет дауыс бердік. Жұбайым және қыздарыммен бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Балаларымыздың болашағы жарқын болғанын, ауылымыз көркейгенін қалаймыз. Төрт баламыз бар, бұйырса бесінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Сондықтан ауылдың дамуы біз үшін де, балаларымыздың келешегі үшін де маңызды. Жаңа әкім сайланып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты артып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуына тілекшіміз, – дейді көпбалалы ана Самал Құсайынова.
Салтанат Шоқанқызы
Бәйтерек ауданы