Бүгін аудандық мәдениет үйінде қайырымдылық айлығы аясында мүгедектігі бар жандардың шығармашылығын қолдау, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын XXVII облыстық шығармашылық фестивальдің аудандық кезеңі өтті.
Фестиваль ережеге сай эстрадалық вокал, көркемсөз оқу, музыкалық аспапта ойнау, көрме (қолөнер және бейнелеу өнері) сынды төрт аталым бойынша ұйымдастырылуы тиіс болды.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша өнер көрсетіп, сахнада өз дарынын барынша ашуға тырысты. Қатысушылардың басым көпшілігі эстрадалық әндерге басымдық берген. Дегенмен, терең мазмұнды өлең мен ұлттық аспаптың үні де шықпай қалмады емес.
Сайыс алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов қатысушыларға сәттілік тілеп, аудан басшылығы тарапынан мүгедектігі бар адамдарға әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Қатысушыларға рухани қолдау көрсету мақсатында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Жеңісбек Жүсіпов, Қуаныш Аждуов, Аслан Боранбаев, сондай-ақ кішкентай әнші Айнамкөз Бисек өнер көрсетті. Бұл кеш дәл сол сәтте бір сахнаны бөліскен жандардың бір-бірін қолдап, рухтандыруға ұмтылғанын айғақтаған ерекше шара болды.
Мәдениет саласының үздігі Шынар Каюпова бастаған қазылар алқасы өнерді кәсіби тұрғыдан бағалап, әрбір қатысушының сахна мәдениетіне, орындау шеберлігіне және көркемдік деңгейіне назар аударды.
Он екі орындау болған фестивальде Қантым Ғұмарова көркемсөз оқу және вокал аталымы бойынша озық деп танылып, 30 қазанда өтетін облыстық кезеңге жолдама алды. Фестивальге белсенді қатысып, көрермен көңілінен шыққан жандар қатарында Гүлзия Мәмбеталиева, Нұрхан Бисек, Марат Қауиев сынды азаматтар да болды. Шара соңында барлық қатысушыларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Өткен жылғы фестивальден кейін қатысушылар тарапынан кейбір ұйымдастыру мәселелеріне байланысты ескертулер айтылған болатын. Атап айтқанда, көрерменнің аздығы мен жалпы ұйымдастыру сапасына қатысты пікірлер түскен еді. Биыл бұл сын ескеріліп, бірқатар өзгерістер енгізілді. Лық толы зал болмаса да, көрермендердің саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артты. Көпшіліктің қызығушылығы мен қолдауы байқалды.
Айтқандай, биылғы фестивальдің ерекшелігі ашылуында арнайы мотивациялық қойылымның сахналануы болды. Бұл көрініс өз кезегінде қатысушыларға ерекше қолдау берді. Ал ұйымдастырушылар бұл арқылы ерекше қажеттіліктері бар жандардың жан дүниесіне үңілуге, оларды шынайы түсінуге тырысқанын көрсетті.
Фестивальдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Райгүл Тастенова мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын табатынына сенім білдірді.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы