Биылғы жеті айда облыс экономикасының негізгі салаларында тұрақты өсім бар. Сандарды сөйлетсек, өңдеу өнеркәсібі – 21,2%, құрылыс көлемі – 33,4%, тұрғын үйлерді іске қосу – 2,1%, негізгі капиталға салынған инвестициялар – 8,2%, ішкі сауда – 1,7%, көлік қызметтері 3,2%-ға артқан. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов баяндады.

Тілепберген Ерсайұлы "Адами капитал – ел дамуының негізі" тақырыбындағы баяндамасында өңірдің әр саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Бұлардың бәрі Президенттің былтырғы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды орындау барысында іске асырылғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының алға қойып отырған ең басты міндеттерінің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Сондықтан облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, әсіресе өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алуымыз қажет. Есепті кезеңдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі – 2,2 трлн теңге (6,0%-ға өсті). Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,2%-ға артып, 206,5 млрд теңгені құрады. Өсім дайын металл бұйымдар, мұнай өңдеу, азық-түлік өндірісі салаларында байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 8,2%-ға артып, 320,2 млрд теңгені құрады. Соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі – 263,1 млрд теңге немесе 9,8%. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді облыс әкімінің орынбасары. 2025-2030 жылдары 9,2 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге 73 жоба іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 3,5 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылып, 193 жұмыс орны құрылған.
Облыстағы шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім 2,7%-ға өсіп, 663,7 млрд теңгені құрады. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 35,7%. Жұмыс істеп тұрған бұл бизнес нысандардың саны 1,8%-ға өсіп, 59,2 мың бірлікке жетті. Оларда 120,3 мың адам жұмыс істейді.
Әлеуметтік салаға – 309,1 млрд теңге
Биыл облыста әлеуметтік салаға 309,1 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде білім беруге – 230,1 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 14,6 млрд теңге, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 28,7 млрд теңге, мәдениет, дене шынықтыру және ақпараттық кеңістікке – 35,7 млрд теңге.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету аса өзекті міндет деп атап өтті. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет деді. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек екенін айтты. Нәтижелі жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және оның өсуіне жол бермеу мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жүзеге асырылады. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларға қысқа мерзімді оқыту, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жалғасады. Сонымен бірге кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын несие және жаңа бизнес-идеяларға мемлекеттік грант беру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, алғашқы жұмыс орындарына, "Күміс жас", "Ұрпақтар келісімшарты" жобаларына жолдау, ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту және жастар практикасын ұйымдастыру шараларын да қаржыландыру жалғасады, – деп баяндады облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 14 047 адам жолданып, 9 016 адам жұмысқа орналастырылған.
Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,7%. 2026-2028 жылдары өңірде 30 мыңнан астам адамды тұрақты жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Тілепберген Ерсайұлы табыскірісі аз және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жалғасып жатқанын айтты.
Биыл 7 көппәтерлі тұрғын үй (1040 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 14 тұрғын үй (252 пәтер), 13 инженерлік инфрақұрылымдық жоба құрылысы, халықтың әлеуметтік осал топтарына арендалық пәтер (205 пәтер) сатып алу қарастырылған.
Оның ішінде жыл соңында 5 көппәтерлі тұрғын үй және ауылдарда 14 үй, 11 инфрақұрылымдық жобаны пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтарына арендалық пәтерлерді сатып алу жоспарлануда.
Тілепберген Ерсайұлы айтып өткендей, жыл соңына дейін "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 4 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын арттыруға ерекше назар аударылады. Шетелдік инвестициялар есебінен, соның ішінде "ҚПО б. в." команиясының әлеуметтік міндеттемелері аясында жеті шағын жинақты мектептің құрылысы жоспарланған. Үш мәдени-спорттық кешен салынуда. Екі спорт кешені, екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДШСК), "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы бір ДШСК салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыстың 367 жалпы білім беретін мектебі толықтай интернет желісіне қосылған. Облыста 50 қосымша білім беру мекемесі (40-ы ауылдық жерде және 10-ы қалада) бар. Сонымен қатар 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы қызмет етеді. Бұл 25 мемлекеттік және 9 мемлекеттік емес ұйымда 15 692 студент оқиды.
Медицина мамандары тапшы
Биыл облыстың денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 98 млрд теңге бөлінген. Облыста 1 774 дәрігер және 6 513 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Қазір бұл салада 180 маман тапшы. Қалаға 117, аудандарға 63 медицина маманы керек.
– Кадр тапшылығын төмендету және мамандарды қызметке шақыру мақсатында медицина ұйымдарының басшылары елдегі жоғары оқу орындарының түлектерімен кездесулер өткізуде. Соның нәтижесінде былтыр 137 маман келсе, биыл 100 маман қызметке тұрды. Олардың тең жартысы ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілді. Әлі 30 маман келуі мүмкін, – деді брифингте облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Былтыр облыста 1,4 млрд теңгеге 15 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткен. 2025 жылы 5 медициналық нысан күрделі жөнделуде. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 46 мың ауыл тұрғынын қамтитын 50 алғашқы медициналық нысан салу жоспарланған. Былтыр 24-і пайдалануға беріліп, биыл 13-інің құрылысы аяқталды.
2024 жылы жергілікті бюджет есебінен облыстық стационарларға 3,1 млрд теңгеге 405 меджабдық сатып алынған. 2025 жылы 5,7 млрд теңгеге 98 медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Биыл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарды амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 9,0 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге қаражат бөлініпті. Диспансерлік есепте тұрған науқастарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша бюджет жиынтығы – 10,4 млрд теңге. Бүгінгі күні 125 223 науқас дәрі-дәрмек алған. Биыл жалпы өлім-жітім 4,9%-ға төмендеген. Ана өлімі тіркелген жоқ.
Нәресте өлімі 1 000 тірі туғанға шаққанда 2,2%-ға, туберкулезден сырқаттанушылық 22,4%-ға төмендеген.
Жастарға қолдау көрсету мақсатында былтыр өңірде "Жайық жастары" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, 600 миллион теңге қаржы бөлінді. Осы қаражат есебінен 41 жас отбасы үйлі болды. Биыл бұл бағдарламаға 1 260,0 млн теңге бөлінген. Наурыз айында 70 жас отбасы жаңа пәтер иесі атанған. Бұдан бөлек, қазір 1 323,0 млн теңгеге бағдарлама жасақталып, жыл соңына дейін 90-нан астам жас Отбасы банк арқылы баспаналы болмақ.
Мәдениет саласында да жағымды жаңалықтар бар. Мысалы, былтыр төрт ауданда жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілді және алты мәдени нысанның құрылысы басталды. Ал биыл маусым айында Бәйтерек ауданының Щапов ауылдық клубының құрылысы, ал шілдеде М. Шолохов атындағы музейдің күрделі жөндеуі аяқталды. Биыл алты мәдени нысан салына бастайды. Оралдағы Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен А. Островский атындағы драма театрдың ғимараттары күрделі жөнделуде. Сондай-ақ «ҚПО б. в.» қаражаты есебінен Бөрлі ауданының Кеңтүбек, Бумакөл және Жарсуат ауылдарындағы мәдениет үйлері жөнделіп жатыр. "Қазақстан халқына" ҚҚ қолдауымен ауылдық жерлердегі 25 кітапхана жаңғыртылды. Мәдениет және жастар үйі ғимаратында "Самұрық Қазына" қорының қолдауымен "креативті хаб" іске қосылды. Қазір облыста 285 941 адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданады. Бұл – облыс халқының 41,2 %-ы. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Орал қаласында көп функционалды спорт кешені ел игілігіне берілді. Бәйтерек ауданының Щапов ауылындағы мәдени-спорттық кешенінің және Жәнібек ауданының орталығындағы фитнес залының құрылысы жалғасуда.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz