10.09.2025, 16:45
Оқылды: 328

Жетібайдан жеткен жақсы жаңалық

Бөкейордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Жетібай елді мекенінде су жаңа мәдениет орталығы ашылды.
78627165-4d3c-41be-8eee-409e76459a8d
Руханият орталығының тұсау кесеріне қатысқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Құрметті жерлестер, қадірменді ағайын! Баршаңызды жаңа руханият ордасының ашылуымен құттықтаймын! Тұңғыштардың мекені, қасиетті Бөкей ордасы ауданы– қазақ өнері мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары дүниеге келген, сабақтастықтың алтын тіні үзілмеген, ел-халықтың ықыласына бөленген таланттарға бай өлке. Еліміздің даңқын асырған талай таланттар осындай ауылдардан шықты. Олар алғаш мәдениеттің мәйегі– ауылдық клубтарда өнер көрсеткені анық. Себебі, ауыл қашан да– ұлттың қаймағы, ұйытқысы саналады. Бүгінде өскелең ұрпаққа берілер білім мен тәрбие сапалы болуы қажет. Осы орайда руханият ордасы – мәдениет үйлері мен кітапханалардың алар орны ерекше. "Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл- ойы, парасаты" деп дана халқымыз тек айтпаса керек. Ауданымызда мәдениет саласын дамыту бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осының бір айқын айғағы бұрын соңды мәдени ошақтары болмаған елді-мекендерде халықтың тыныстайтын, бос уақытын тиімді өткізіп, рухани азық алар мекеннің ашылуы. Бұл күнді ауыл тұрғындары көптен күтті. Себебі, бүгінгі заманда мәдениет, өнер және кітапсыз, сондай- ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Ендеше, жаңа нысан еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бас қосатын орынға айналсын,  — деп, игі тілегін білдірді.
5aa5a97f-f02e-4e74-b68b-44de4e5c7691
Аудан басшысы құрылысқа жауапты мердігер Сағындық Сәрсеновке өз атынан және ауыл тұрғындар атынан алғыс хат табыстады. Ал тұрғындар атынан ауыл белсендісі Салахаддин Құспанғалиев ағамыз сөйледі. Ауыл ақсақалы  кәсіпкер Сағындық Сәрсенов ағамызға алғысын білдіріп, ауылдастарын ғимаратты күтіп ұстауға шақырды. Су жаңа ғимараттың кілті аудандық орталықтандырылған кітапханалар орталығының директоры Нүркен Сабировке бұйырса, ашылу лентасын қию рәсімі Нұрлыбек Даумов пен Салахаддин  Құспанғалиевке ұсынылды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Айта кетсек, аталмыш ғимарат құрылысы жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, 28 млн теңге бөлінді.
185c09ac-f706-413f-9b23-df09b8b682bb
Еркебұлан Рахметолла, 
Бөкейордасы ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале