Казталов ауданының актив отырысы өтті. Актив жиынына Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық жасаса, активке аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы, салалық бөлім басшылары, округ әкімдері мен мекеме, ұйым жетекшілері қатысты.

Актив жұмысын ашқан аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып, осы маңызды жолдаудан туындайтын негізгі міндеттерге тоқталды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауы – жаңа дәуірдегі ел дамуындағы басты бағдарымыз. Бұл стратегиялық құжат әрбір өңірге, соның ішінде біздің Казталов ауданына да нақты міндеттер жүктейді. Президентіміз ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, агрохабтар мен логистикалық орталықтарды дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл – біздің аудан үшін маңызды міндет. Себебі Казталовтың негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Мемлекет басшысы жерді тиімді игеруде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды. Аудан үшін өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Президенттің Су ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын жасау, су үнемдейтін технологияларды енгізу туралы тапсырмалары бізге де тікелей қатысты. Жолдауда айтылған тағы бір маңызды басымдық – инфрақұрылымды жаңғырту. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Жолдауда инвестиция тарту мәселесіне айрықша мән берілді. Ауданымыз үшін де бұл бағыт өте маңызды. Президентіміз атап өткендей, Қазақстанды цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне бейімдеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл істе Казталов ауданы да шет қалмайды. Біз ауыл шаруашылығын дамытуда, жерді тиімді пайдалануда, су үнемдеуде, инфрақұрылымды жаңғыртуда және білім саласын жаңа сатыға көтеруде бар күшімізді саламыз, - деді аудан басшысы.
Жолдауынан туындайтын мәселелер бойынша "Ішкі саясат мәселелері" жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұхамбетова, жолдауда көрсетілген нақты міндеттерді орындау туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева, аудандық мансап орталығының директоры Эльмира Сармалаева, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев түсіндірді.
Президентіміз Жолдауда "Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек" деген болатын. Ел мүддесі үшін табанды еңбек етіп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді абыроймен орындау керек.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы