Сырым ауданы, Алғабас ауылдық округіндегі М. Қаналиев атындағы мектептің тәлімгері Нұрболат Жұмағалиевтің авторлық жобасы - "Экоқорғаушылар" ұйымы тек экологиялық апталықтарда суретке түсетін ұйым емес, олар - табиғаттың шынайы жанашырлары.
Міне, бірер апта болды экосақшылар сабақтан бос уақыттарында Аңқатының аңғарында жүр. Олар өзеннің жағасынан табылған бұлақтың көзін ашып, арнасын кеңейтуде. Бұрындары жылтырап су өніп жататын көздің көмілгеніне көп болған еді. Ақыры, "су анасы - бұлақтан" дегендей, айдынға ағатын бұлақтың басын балалар қайта тауып алды.
- Бұлақ суының қайта ағуы — тек табиғи сұлулық ғана емес, бұл экожүйенің қалпына келуіне де үлкен септігін тигізеді. Су көзінің ашылуы маңайдағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне жаңа тыныс беріп, табиғаттың қайта жаңғыруына жол ашады, - дейді жас экологтардың жетекшісі Нұрболат Жұмағазиев.
Бұл бастама жергілікті тұрғындардың ерекше ризашылығына бөленді. Ауыл азаматы Еркін Ажгереев табиғат сақшыларына көңілі толып, киноға билет сыйлаған. Бұлақ басы қоршалып, қақпақ орнатылуда.
Ал, сіздің ауылдың маңында бұлақ бар ма?!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы