Қай қоғамда да отбасы – тіршіліктің түп қазығы, мемлекеттің негізі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында отбасы құндылығын, ұлттық дәстүр мен тәлімді тәрбиенің маңызын үнемі атап өтеді. Осы орайда елімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы – үлгілі отбасыларды дәріптеудің жарқын үлгісі.
Бүгін Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев республикалық "Мерейлі отбасы – 2025" ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, аудан намысын абыроймен қорғаған қос отбасыны арнайы қабылдап, құттықтады. "Мерейлі отбасы" – бұл тек байқау емес, бұл – елге үлгі болған, бірлікті, тәрбиені, еңбекті, махаббатты ту еткен отбасыларды қоғамға таныстырудың бір жолы. Отбасы – қоғамның діңгегі. Ел ішінде бірлік пен берекені сақтаған, ұрпағына өнеге болған отбасыларды дәріптеу – бүгінгі күннің басты құндылығы.

"Бұл байқау – елдің берекесі мен бірлігін нығайтуға, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтауға бағытталған маңызды жоба. Отбасының берекесі – Отанымыздың да іргетасын нығайтады. Қоғамдағы өздеріңіздің алатын орындарыңыз, өнегелі істеріңіз жас ұрпаққа үлгі. Еңбектеріңізбен елге үлгі болып, ұрпақ тәрбиесіне, қоғам дамуына қосқан үлестеріңіз зор! Отбасы – шағын мемлекет. Ал сіздердің сол шағын мемлекеттеріңіз – нағыз парасат пен тәрбиенің, жауапкершілік пен мейірімнің ордасы екені дәлелденді. Отбасыларыңызға амандық, береке, бірлік, өмірлеріңізге шаттық пен сәттілік тілейміз! Мерейлеріңіз әрдайым үстем болсын!", - деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Байқау нәтижесінде көп балалы, бірлігі мен берекесі жарасқан Касетовтар отбасы облыстық кезеңде жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл отбасында еңбекқорлық, сыйластық, ұлттық құндылықтар – өмір сүру салтына айналған. Отбасы мүшелері аудан мен ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі бастамалардың бел ортасында жүреді.
Сондай-ақ, Кужиевтер әулеті "Еңбек династиясы" номинациясына ие болып, байқаудың ерекшелігін айшықтады. Әулет мүшелері – теміржол саласының білікті мамандары. Бірнеше буыннан жалғасқан бұл кәсіп бүгінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, абыройлы жолға айналған. Бұл тек кәсіби мұрагерлік емес, тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығының үздіксіз жалғасы іспетті.
"Осындай сайыстар арқылы біз жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, отбасының тәрбиелік рөлін көрсетеміз. Бұл – тек бір байқау емес, бұл – ел ертеңіне салынған рухани іргетас," - деді аудан әкімінің қабылдауында сөз алған Касетовтар отбасының анасы, "Күміс" алқа иегері Жұмагүл Нұрғазиева.
"Бізді қолдаған аудан басшылығына алғысымыз шексіз. Ата- бабаның үлгі тұтар еңбек жолын жалғастыру, салиқалы ұрпақ тәрбиелеу әр ата ананың міндеті. Атамыз 1935 жылдан осы шойынжолда бастаған бүгінде еңбек жолымыз 320 жылды құрап отыр. Бұл марапат – біздің емес, бүкіл аудан тұрғындарының, барлық еңбек адамдарының жеңісі деп білеміз", - деді Кужиевтер әулетінің үлкені ақылшы аналары Зылиха әже.
Осындай үлгілі отбасылардың бар болуы – ауданның, елдің рухани әлеуетінің көрсеткіші. Әр отбасы тәрбиелі, еңбексүйгіш, мейірімді болса, тұтас қоғамымыз да соған сай болмақ. "Мерейлі отбасы" байқауы – осы бір құндылықтардың өміршеңдігін танытатын игі дәстүр.
Татулық пен тағылымға толы осындай отбасылар көбейе бергей!


Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы