12.09.2025, 17:00
Оқылды: 275

Жолдау аясындағы жұмыс отырысы өтті

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылауға арналған жұмыс отырысы өтті. Жиынды Теректі ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Абдрашитов жүргізді.

IMG_8917

Басқосуда аудан көлемінде Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың нақты тетіктері қаралды. Күн тәртібіне сәйкес алғашқы болып ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева баяндама жасады. Ол өз сөзінде инвестиция тартудың маңызын атап өтті. Инвестицияны тек шикізатқа емес, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологияларға бағыттау қажет екенін айтты. Аудан үшін басты басымдықтар – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу. Инвестиция – жаңа жұмыс орындары мен халықтың әл-ауқатын көтерудің кепілі болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, әкімдік, кәсіпкерлер және қаржы ұйымдарымен бірлесе әрекет ету қажет деді.

IMG_8922

Одан кейін жер қатынастары бөлімінің басшысы Алихан Джарылғасов жерді қайтару және тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Ол игерілмей бос жатқан немесе заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтарып, оны еңбек етіп, өнім өндіруге дайын азаматтарға беру қажеттігін айтты. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуға, жайылым тапшылығын шешуге және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған қадам екенін жеткізді. Сондай-ақ бос жатқан жерді анықтау үшін цифрлық технологиялар мен мониторинг жүйелері қолданылып жатқанын, алдағы уақытта жасанды интеллект арқылы жердің сапасын бағалау және өнімділікті болжау мүмкіндіктері кеңейетінін айтты. Жер ресурстарын цифрландыру, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету – негізгі басымдық екенін ерекше атап өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және АЖ бөлімінің басшысы Қайыржан Есетов саланың өзекті мәселелерін көтере отырып, инфрақұрылымды жаңғырту халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін аса маңызды екенін айтты. Ол инженерлік желілер мен су жүйесінің тозғанын атап өтіп, бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ тариф өсімі халыққа сапалы қызмет көрсетудің кепілі болу керек екенін, цифрлық шешімдер мен «Ақылды қала» тұжырымдамасы ашықтық пен сенімді арттыратынын айтты. Энергияны үнемдеу, суды дұрыс пайдалану мәдениеті де басты назарда болуы тиіс деді. Құрылыс саласында сапаға мән беріп, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген әдістерді қолдану қажеттігін ерекше атап өтті.

IMG_8888

Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов қоғамдағы тұрақтылық пен ішкі ахуалға қатысты ой бөлісті. Ол мәдениетке қайшы әрекеттерге жол бермеу, отбасынан бастап сыйластық пен дұрыс тәрбиені нығайту қажет екенін атап өтті. Жастардың патриотизмі – білім алып, елге пайда әкелу арқылы көрінетінін жеткізді. Ауданның басты құндылығы – халықтың бірлігі, сондықтан түрлі ұлт өкілдерінің татулығын сақтау маңызды деді. Әділдікке, тәртіпке және бірлікке негізделген қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізетінін баса айтты.

Пікір алмасу барысында аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев Жолдаудағы бір палаталы Парламент құру бастамасына қатысты пікірін білдірді. Ал «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мирхат Ибраев «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығына тоқталды.

IMG_8881

Жиын соңында модератор Дархан Абдрашитов әр сала бойынша айтылған ұсыныстар мен ойлардың ортақ іске айналуы қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Жолдаудағы басымдықтарды орындау – баршаға ортақ міндет.

Осылайша, жұмыс отырысы қорытындыланып, аудан басшылары бірлесе әрекет ету арқылы өңірдің дамуына үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.

 

Әдемі Талғатқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале