Жыл сайын Жаңақала ауданы орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған. Соған орай аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен аталмыш жәрмеңке бүгін «Сәбен» шағынмаркетінің жанында ұйымдастырылды.

Ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу ауыл тұрғындарына нарық бағасынан арзан және сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Таңмен таласа оянған жаңақалалықтар дорбаларын сайлап, орталыққа қарай аяңдады. Оған Қызылоба ауылынан «Айдар» және «Үміт» ШҚ қысқы мал азығын, Көпжасар, Жаңажол, Жаңақала ауылының кәсіпкерлері сүт, ет пен бақша өнімдерін қолжетімді бағада халыққа ұсынды.
– Әр ауылдық округтің кәсіпкерлері жәрмеңкеге арнайы келіп, қолдан өндірілген табиғи өнімдерін саттыққа әкеліп, тұтынушыларға ұсынуда. Ауылшаруашылық жәрмеңкесін алдағы уақытта да ұйымдастыру ойда бар. Ауыл еңбеккерлері өнімдерін өткізіп, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырса халыққа да тиімді болар еді, - дейді аталмыш бөлім басшысы Светлана Бекқалиева.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы