15.09.2025, 17:00
Оқылды: 198

Жәнібектік тұрғындар ауыз суды арзан тарифпен сатып ала бастады

Жәнібек аудандық, Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінің тұрғындары ауыз суды текше метріне 90 теңге тарифпен сатып ала бастады. Бұған дейін борсылықтар ауыз суды текше метріне 250 теңге төлеп келген болатын. Бұл туралы «Жолаушы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Салтанат Темірғалиева мәлімдеді.

image-15-09-25-12-13-2

​Оның айтуынша, Тегісшіл елді мекені 55 үйі мен 365 тұрғыны бар шағын ауыл. Ауыз су мәселесін шешу бағытында өткен жылдан бері жүргізілген жұмыс өз нәтижесін беріп, 2025 жылдың мамыр айында ресми түрде рұқсат алынған.

- Жеке тұлғалар үшін судың 1 текше метрінің құны 90 теңге болып белгіленді. Маусым айынан бері ауыз суды пайдаланған тұрғындар осы тариф бойынша төлем жүргізетін болады. Бұл ауыл үшін маңызды қадам, - деді мекеме басшысы.

Салтанат Сағатқызы, сонымен қатар субсидия мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, әр үй бойынша тіркелген тұрғын санына қарай ай сайынғы тіркеу деректері негізінде субсидия тағайындалады. Қазіргі таңда «Жолаушы» КММ теңгерімінде Қамысты, Талов, Жәнібек, Ұзынкөл ауылдары мен Еңбекші елді мекенінің су жүйелері бар. Аталған ауылдарда да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

image-15-09-25-12-13-1

- Қазан айынан бастап Борсы, Тау және Күйгенкөл ауылдық округтерінің су жүйелері де біздің теңгерімге беріледі деп жоспарлануда. Бұл бағытта құжаттарды жинақтау жұмыстары басталып кетті. Су жүйесін пайдалануға рұқсатты «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» береді, ал санитарлық қорытындыны санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұсынады. Осы рәсімдер біраз уақытты талап етеді. Дегенмен, қалған ауылдар бойынша да субсидия алуға үмітіміз бар, - деді Салтанат Сағатқызы.

 

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале