«Ақжайық ауданы аумағындағы Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесінің жобасы аяқсыз қалды. Тайпақ жұрты осы жобаға көп үміт артып еді...», – деді облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына телефон шалған еңбек ардагері Әлжан Досмақов. Өңірдің құрылыс саласында қолтаңбасы қалған шаруа адамының әңгімесіне құлақ түрдік. Әлжан Нұржанұлы зайыбы екеуі 1999 жылы 50%-дан жарна салып, «Нұржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған. Содан бері жұмыс істеп келеді. Аудан-ауылдарға газ құбырын тартумен айналысып, одан кейінгі жылдары мал өсіруді қолға алған.

– Ақжайық ауданына қарасты бұрынғы Жайық (қазіргі Чапаев) ауылдық округінен (Жаңақала бағытындағы жол бойынан) 300 гектар жер несібемізге бұйырды. Жыл санап мал басы өскен соң, 2011 жылы Жайық өзенінің бұқар бетіндегі Есенсай ауылдық округінен 5000 гектар, 2016 жылы Көнеккеткен ауылдық округі аумағынан 850 гектар шабындық жер алдық. Бала кезімнен Есенсай ауылы маңындағы каналдың іргесінде егін, екпе шөп, бау-бақша жайқала өскенін көріп өстім. Чапаев ауылы тұсындағы аспалы темір көпірмен Азынабай – Тайпақ арнасына су келетін. Ащы өзеніне дейін бір метрлік тұрбамен ағатын, содан су Ащыдағы екі дизельдік сорғымен әрі қарай каналға жіберілетін. Осы Азынабай – Тайпақ арнасын жөндейді екен деген ақпаратты естіген соң, жер алып, малазықтық дақылдар өсіруді жоспарлағанбыз. Өйткені мал тұяғымен тапталған әрі қуаңшылықтың кесірінен жердегі шөптің шығымы жылдан-жылға азайып барады. Канал жөнделеді деген ақжолтай хабарды естіп, су келеді деп қатты қуандық. Бірақ арнаны жөндеуге қаржының бөлінгеніне де 5-6, оны жөндеп қойдық дегелі де 2-3 жыл өтті. Алайда келетін су көрінбейді. Біздің жаққа бір тамшы су келмеді десем, жалған емес. Құрылыс саласының маманы болған соң, су Азынабай – Тайпаққа қайдан келеді екен деп құрылыс нысанын жағалап қарап шықтым. Ащы өзені қардың суынан толығады. Бұл күндері ол да тайыз. Менің білгім келетіні: осы Азынабай – Тайпақ арнасына су келе ме, келсе қашан келеді? Өйткені биылғы көктемде шөп қою шықты. Бірақ бір айдың үстінде түн 8-9 градус салқын болды. Түнде жер жылынбаған соң, шөп мыштиып өспей қалды. Қолдағы мал басы өсіп жатыр, оған қыстық азыққа жинайтын шөп жоқ. Енді каналға су келсе, екпе шөп егіп, содан мал азығын дайындар ма едік деп үміттеніп отырған жайымыз бар, – деді Әлжан Досмақов.

Иә, Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесінің жаңаруын күтіп, елеңдеп отырған шаруашылықтар көп. Қазіргі кезде бұл жерлер құжат бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі болғанымен, ешкім мекендемейді. Себебі түсінікті: малға су жоқ. Бұл суландыру жүйесі кеңестік заманда болған. Жоба іске қосылса, 350 000 гектар жер суландырылар еді. Кенезесі кепкен шөл даланың экожүйесі жақсарар еді. Қазір жайылымдар сусыз қалды. Егер жоба аяқсыз қалса, Жайықтың бұқар бетіндегі мал жайылымсыз қала береді. Жыланды, Қырыққұдық деген елді мекендер су жоқ болған соң, иесіз қалды. Кеңсуат, Қарауылтөбе, Қызылжар және басқа да елді мекендердің малы Жайықтан су ішеді. «Сулы жер – нулы жер» демекші, су жоқ болса, мал ұстау қиын, атажұртта малсыз күнелтіс жоқ. Аталған жобаны жүзеге асыруға бюджеттен миллиардтап қаржы бөлінгенімен, шаруалар оның нәтижесін әлі көре алмай отыр. Өйткені Ақжайық ауданындағы 18 ауылдық округтің жетеуі Жайықтың сол жағында орналасқан. Не мыңғыртып мал өсіре алмай, не жайылым, шабындық таба алмай отырған қалың көпшіліктің жағдайы айтпаса да түсінікті.
Осы аудандағы Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты аумақта мал өсіріп отырған «DIAL STEAD» ЖШС-ның басшысы Бауыржан Ақмышев каналға Жайықтан бір тамшы су келмегеніне алаңдаулы. «Өлеңті өзені бойын жайлаймыз. Қыс бойы өзенге қар жиналып, соның суынан өзен толығады. Сол су мал суаруға жарап тұр. Бірақ Жайықтан су келген жоқ. Аяқ су қоймасы біздің қасымызда. 2021 жылы Аяқтың суы ащы болып, көп шаруашылықтың малынан шығын болғаны есімізде. Жер асты суы ащы бұл жақта. Жоғарыдан су келмеген соң, Өлеңті өзенінің суы да ашып кетеді. Кейін үш жыл қатарынан қар суы келіп, өзен суы тұшыды. Каналдар жөнделді, су келеді дегелі біраз болды. Қарай-қарай көз талды», – деді Бауыржан Ақмышев.
Жобаға қаржы тапшы...
Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев өңірде бірқатар су арналарын жаңарту, гидротехникалық құрылымдар жобаларының қолға алынғанын жіліктеп айтып берді. Соның ішіндегі маңыздысы, Орал қаласы аумағына кіретін Круглоозерный кенті тұсындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жобасы «жандандырылуда». Өзеннің кент тұсындағы бөлігі тұзақ тәрізденіп оратыла ағады. Соңғы 20 жылда жағалау арасы 172 метрден 60 метрге дейін жақындай түскен.
– Осы тұзақтай түзілген жағалаулардың «мойын» тұсы шайылып, қосылар болса, Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне су бармайды. Ондай жағдайда 160 мыңнан астам халық тұратын бес аудан – Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов және Тасқала аудандарының ірі елді мекендерінің сусыз қалу қаупі бар. Сонымен қатар бұл мәселе экологиялық және әлеуметтік-экономикалық күрделі жағдайға әкеп соғады. Сондықтан осы мәселені шешу үшін 2024 жылы Премьер-министр Олжас Бек-
теновтің тапсырмасы бойынша Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 744,6 млн теңге бөлініп, жұмыс басталды. Жоба құны – 7,5 млрд теңге. 2025 жылы республикалық бюджет есебінен 2 млрд теңге қаралды. Енді жобаны аяқтау үшін 4,7 млрд теңге қажет. Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрлігіне бюджеттік өтінім ақпан айында жолданды, – деді Марат Молдашев.
Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы облыс әкімдігі Жайық өзенінің сол жағалауын суландыру үшін жалпы ұзындығы 205 шақырым құрайтын 3 магистральды каналды (Жайық – Шалқар, Ащы – Азынабай – Тайпақ және Азынабай – Тайпақ каналдары) қалпына келтіру жұмысын бастаған. Мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ. Іргелі су арнасына Жайық өзенінен қалқымалы сорғы стансасы арқылы секөнтіне 8 текше метр шығынымен су жіберу көзделген. 2022 жылы Ащы – Азынабай (Ақжайық ауданының солтүстігіндегі) пайдалануға беріліп, 2024 жылы Азынабай – Тайпақ каналын қайта құру (Ақжайық ауданының оңтүстігіндегі) жұмыстары аяқталған.

– Көктемде Азынабай – Тайпақ арнасын бойлап, аяқталған шаруаның жайын көріп, бағамдап қайттық. Қазылған 12 көбікке су барды. Сол көбіктерге қақпалар салынды. Каналдардың барлығы тазартылды. Қазіргі кезде арнаның табанын қамыс басып барады. Аяқ су қоймасына қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жоба жасақталады. Бұл күндері тендерді жеңіп алған алматылық фирма көп факторлы зерттеу жүргізуде. Су қоймасын тереңдетіп, кеңейту, жағалауын бекіту көзделген. Өткен жылы «БҚО Теректі ауданындағы Жайық өзенінен су алумен Жайық – Шалқар каналын реконструкциялау. Түзету» жобасына (жоба құны 4761,945 млн теңге) жергілікті бюджет есебінен 476,194 млн теңге бөлінді. Күні бүгінгі күнге республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген жоқ (министрлікке 2025 жылдың ақпан айында сұраухат жолданды). Қазіргі кезде мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын 60%-ға орындап отыр. 2025 жылы жобаны аяқтауға 4 млрд 285,7 млн теңге қажет, – деді Марат Төлеғалиұлы.
Сала мамандарының айтуынша, Жайық – Шалқар каналын реконструкциялау жұмыстары аяқталмай, сағызша созылып кеткен. Жоба бойынша Жайықтың суын Теректі ауданындағы Ақжайық ауылы тұсынан сорғымен көтеріп, бұрынғы Жайық – Шалқар каналымен Ащы өзеніне су жеткізілуі тиіс еді. Одан әрі сусорғы арқылы Ащы – Азынабай – Тайпақ каналы арқылы Өлеңті өзеніне түсуі тиіс-тұғын. Өлеңтінің су деңгейін көтеріп, төмендегі Аяқ деген су қоймасынан каналға су берілуі керек. Бірақ Жайық – Шалқар жобасы бітпейінше, құрылысы аяқталған су арналарына тамшы су келмейді.
Басты бөлікте жұмыс тоқтап қалды
«Павлодар өзен порты» АҚ-ның өңірдегі филиал басшысы Қазиз Сейілхан жалпы ұзындығы 204 шақырым болатын суландыру жүйесінің үш бөліктен тұратынын айта келе, Ащы – Азынабай – Тайпақ және Азынабай – Тайпақ каналдарын жөндеуден өткізу оңай болмағанын айтады. Өйткені біраз жыл иесіз қалған бөгеттер бұзылып, қақпалары қолды болған. Арна табанын қамыс, ағаш басып кеткен. Сондай жағдайдағы арналардың табандарын тереңдетіп, тазалады, гидротехникалық құрылыстар салынды, жоба бойынша бірнеше су қоймасы қалпына келтірілген.
– Былтыр жобаның үшінші әрі басты бөлігі Жайық-Шалқар каналын қайта жаңғырту жұмыстарын бастағанбыз. Бұл нысан – Ащы – Азынабай – Тайпақ және Азынабай – Тайпақ каналдарының бастауы. Құрылыстың маңдымай отырғаны рас. Оның себебі қаржыға тіреледі. Осы күнге дейін Жайық-Шалқар каналының құрылысын өз қаражатымызға (60%-ға) жүргіздік. Биыл республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, құрылысты аяқтаймыз деп жаспарлағанбыз. Алайда қаржы-қаражат бөлінбей жатыр. Содан жұмысымыз тоқтап тұр. Алдағы қыркүйек айында қаржы бөлінер болса, жыл аяғына дейін құрылысты бітіреміз. Ең болмағанда, 2 миллиард теңге бөліңіздер деп сұрап отырмыз. Өйткені ауқымды жұмыстар орындалды. Оның үстіне өз қаражатымызға материалдар, қажетті сорғы станса жабдықтарын алып қойдық. Тиісті тұстарға сорғылар үшін электр желілері тартылды. Жобаны жүргізуге жергілікті бюджеттен 400 млн теңге шамасында қаржы алдық, ал қалғанын өз қаражатымыз есебінен атқардық. Құрылыс келесі жылға қалатын болса, арнаны қамыс-қоға басып, ағаш өсіп кетеді. Алып қойған материалдар қолды болады. Атқарылған шаруаны қайта істеуге тура келеді. Күзет қызметіне ай сайын 5 млн теңге төлейміз, – деді Қазиз Сейілхан.

Өткенде қаладағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысуға барған облыс әкіміне Азынабай – Тайпақ каналы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенімен, су бармағанына аудан-ауыл тұрғындарының алаңдаулы екенін айтқанбыз. Әкім бұл түйткілді мәселеден хабардар екенін, мәселенің назарда тұрғанына тоқталды. «Жобаның қаржыландыру мәселесіне қатысты тұйыққа тірелгенін білеміз. Республикалық бюджеттен қаржы бөліну керек. Су ресурстары және ирригация министрлігінің алдына мәселе етіп қойдық. Вице-министр күні кеше өңірімізге іссапармен келіп, суландыру жүйесінің құрылысын арнайы барып қарады. Енді сол 4 млрд теңге шамасындағы қаржыны бөлу мәселесін шешіп береміз деді. Сол мәселе шешілсе, су арналарына «жан» бітеді», – деді Нариман Төреғалиұлы.
Қалай болғанда да, Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесі жобасына республикалық бюджеттен қаржы-қаражат бөлінуі тиіс. Әйтпесе, күні бүгінге жұмсалған қаржы, төгілген маңдай тер, атқарылған қыруар шаруа текке кетеді. Ең бастысы, малмен күнелтісін айырып, осы жобаға үміт артқан көпшілікті сусыз тақыр далада «су келеді» деп балаша алдаусырата береміз бе?!
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»