16.09.2025, 16:30
Оқылды: 207

Зейнетақы есебінен тісті емдету тоқтайды  

 

Қазақстанда 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап зейнетақы қорындағы қаражатты тіс  емдетуге пайдалану үшін өтініш  қабылдау уақытша тоқтатылады.  Бұл шешімді «Отбасы банкі» жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, шектеу 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін қолданылады. Ал 15 қыркүйекке дейін берілген өтініштер қолданыстағы тәртіпке сәйкес қаралады.

 ғаламтордан (1)

Сурет ашық дереккөздерден 

Бұл жаңалық қазақстандықтар арасында қызу талқыланып жатыр. Себебі соңғы жылдары азаматтар зейнетақы жинақтарының артығын ең көп тіс емдеуге жұмсаған. Тек былтырдың өзінде ел тұрғындары 172 млрд теңгені тістерін емдетуге жұмсап, бұрын-соңды болмаған рекорд орнатқан. Алайда қаржы мониторингі агенттігі зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 млрд теңгеден астам қаржының заңсыз шығарылғанын анықтады. Агенттік басшысы Жанат Еліманов бұл схемада бірқатар жеке клиникалардың жалған құжаттар жасап, бір адамның атына бірнеше өтініш рәсімдегенін, тіпті кейбір медициналық ұйымдардың лицензиясы болмағанын айтты.

«Отбасы банк» те бұл мәселені растап отыр. Банк мәліметінше, тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 2021 жылдан 2025 жылдың тамызына дейін 757 млрд теңгеге жуық қаражат аударылған. Соның ішінде 222 млрд теңгеден астамы тек 20 меднысанға түскен. Бұлардың жартысы Атырауда, қалғаны Астана мен Алматыда орналасқан. Бір клиникаға ғана 22,9 млрд теңге жіберілгені белгілі болды.

Клиенттердің бірі 11 рет БЖЗҚ-дағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге деп есептесек, 65 имплант қоюға жетерлік қаражат алынған.

Тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсаған. Бұл қаражат бірден стоматологияға аударылған. Келесі жағдайда клиент тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының артығын пайдалануға 27 рет өтініш берген. Нәтижесінде 13,1 млн теңге аударылған. Көбіне еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын азаматтар тісін Атыраудағы стоматологияларда емдетуді таңдаған. Сондай-ақ күмәнді фактілер қатарында бір клиниканың бірдей 3D-суреттері әртүрлі адамдардың құжаттарына тіркеліп, кейбірінде дәрігерлердің қолдары қолдан жасалған.

Банк бұл деректерді құқық қорғау құрылымдарына жолдаған. Қаржы мониторингі агенттігі күдікті стоматология орындарына тексеру жүргізуде. Мұндай заңсыздықтар зейнетақы жинақтарының мақсатсыз пайдаланылғанын көрсетті. Сондықтан уақытша шектеу енгізіліп отыр. Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да құзырлы құрылымдармен бірге жаңа бақылау жүйесін әзірлемек.

Мемлекет зейнетақы қаржысын қорғау мен әділ пайдалану жолында қатаң шара қабылдауға мәжбүр болып отыр.

 

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале