16.09.2025, 17:15
Оқылды: 172

Ақ Жайықтағы аламан

Таяуда «Ақжайық» шағынауданындағы жаңа атшабарда ұлттық бәйге түрлерінен  дәстүрлі  «Жайық  жүйрігі  – 2025»  атты  облыстық  ашық  шемпионат  өтті.  Өңірдегі  бәйгеқұмар  азаматтардың  бастамасымен  басталған  бұл  дода  жыл  сайын  қанатын  кеңге  жайып,  жүлде  қоры  артып  келеді.  Биыл  аталмыш  аламан  алтыншы  рет  ұйымдастырылып  отыр.

Топ байге DSC06770

Бәйгенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев ат спортының ұлтымыз үшін маңыздылығына  тоқталды: – Баршаңызды қала күні мерекесімен құттықтаймын! Осы күнге орай бірқатар спорттық және мәдени шаралар жоспарланды. Бүгін, міне, аламан бәйгені бірге тамашалағалы отырмыз. Бұл жолғы бәйгенің ерекшелігі – оған еліміздің үздік шабандоздарымен қатар Ресей Федерациясының Орынбор, Татарстан, Челябинск және Башқұртстан өңірлерінен келген 100-ге жуық жүйріктің қатысуы. Бұл сайыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дені сау қоғам қалыптастыру, ұлт өміршеңдігін нығайту, ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға басымдық беру жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отыр. Осы дүбірлі додада бақ сынайтын саңлақтарымыздың  бағы жансын! – деді  өңір басшысы.

Қатысушыларға ақ тілегін білдіргендердің қатарында Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, облыстық «Бәйге» федерациясының президенті Мұратбек  Мұхамедив те болды.

Дүбірлі доданың бағдарламасына биыл алғаш рет ұшқыр аттар жарысы енгізілген. Жасынан жүйріктердің шабысын қызықтап өскен көпшілік Жайық бойын дүбірге бөлеген  бәйгені  қызу  тамашалады.

Кунан байге DSC06621

«Дат секюрити» дара шықты

1400 метрлік қашықтықта 2 жасар сәйгүліктер сынға түсіп, көрерменді бір серпілтті. Осы жарыста оралдық шабандоз Күрішбек Дидарбек тақымдаған «Дат секюрити» сәйгүлігі бірінші келді. Жеңімпаз  аттың  иесі  –  Қайырсапа Шерхан.

Екінші орынға ресейлік Снежана Таймасова мінген «Златодар» тұрақтаса (құнан иесі – Альберт Ялалетдинов), үшінші орынға тағы бір ресейлік Рамазан Табылдиев ауыздықтаған «Дари Ард» (құнан иесі – Тілек Иманов) шықты.

Бұл жеңіс Күрішбек Дидарбектің «Жайық жүйрігі» тарихында екі дүркін жеңімпаз атануына  жол  ашты.

Үш  жастағы  ұшқырлар  сайысы

Жарыстың келесі кезеңінде 2000 метрге созылған үш жастағы ұшқырлар бәйгесі өтті. Мұнда да шабандоз Күрішбек Дидарбектің бағы жанып, «Нұр-Шатоя» сәйгүлігі (дөнен иесі – жерлесіміз Қайрат Жұмағалиев) бірінші орынды қанжығасына байлап берді. Екінші орынға Рамазан Табылдиев тақымдаған «Герадот» (дөнен иесі – ресейлік Дулат Биктуров) табан тіресе, үшінші орынға Данияр Базарбаев мінген «Шкипер» қылқұйрығы (дөнен иесі – ресейлік  Қайырлы  Бекмурзин) ие болды.

Құнандар бәйгесі

11 шақырымдық «Құнан бәйгеде» өңірімізбен қатар өзге облыстардан келген 29 құнан сайысқа түсіп,  көпшіліктің  делебесін  қоздырды.

Бұл сынның жеңімпазы – Марден Жанболат тақымдаған «Шамшырақ» атты тұлпар (құнан иесі – алматылық Үмбетовтер әулеті). Мәреге екінші болып Дәулетбай Мейір жүгендеген «Қаракөз» атты қылқұйрық (құнан иесі – тараздық Бақыт Ерсұлтан) пен үшінші болып Мұратхан Арнат тізгіндеген «Самғау» (құнан иесі – ақсайлық Мұхит Хамидуллин) келіп жетті. Ерекшелігі – ұйымдастырушылар тек жүлдегерлерге ғана емес, мәре сызығын «Ханыммен» (құнан иесі – Болат Ешов)  төртінші  болып кескен жерлесіміз Мұрат Мерас және «Шахпен» (құнан иесі – Каримовтар әулеті) бесінші болып келген павлодарлық Аманжол Сұлтанға да сыйақы табыстады.

Айта кетейік, биылғы «Жайық жүйрігінің» жалпы  жүлде  қоры  45  миллион  теңгені  құрады.

Топ бәйге: аутокөлік  Алматыға  бұйырды

16 шақырымдық «Топ бәйгеде» 32 сәйгүлік бақ сынады. Бас жүлдеге  10 миллион теңгелік аутокөлік тігілді. Қызу жарыста алматылық Нұрсейіт Жылқышыбай (шабандозы – Исламнұр Ертөс) «Тобылғы торы» тұлпарымен топ жарды.

Екінші және үшінші  орын иеленгендерге, яғни «Кербезді» мінген алматылық Мұратхан Арнатқа 2 млн теңге бұйырса (ат иесі – Алдияр Жексенбаев), ШҚО-дан келген Бақтыбай Сержан «Тасымхан» сәйгүлігімен (ат иесі – Иемберген Қуантаев) 1 млн теңгені қанжығасына байлады. Сонымен қатар «Ақжайық» сәйгүлігімен төртінші орын алған ақжайықтық Мадияр Құрманғалиев 500 мың теңге, «Ақ көз» қылқұйрығымен бесінші келген қызылордалық Сапарғали Ақылжан (ат иесі – Ойнаровтар  әулеті) 300  мың  теңгемен  марапатталды.

DSC06990

Ұлы  аламан  жүлдесі – Қарағандыда Бәйгенің финалы, халық асыға күткен 31 шақырымдық «Ұлы аламан» нағыз төзімді жүйрік пен шебер  шабандоздың  сын  сағатына айналды.

Жайық бойын дүбірге бөлеген доданың шешуші сәтінде қарағандылық Марден Жанболат тақымдаған «Айторы» сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесіп, бас жүлде – пәтерді жеңіп алды. Аттың  иесі – Тұрсын  әулеті.

«Алтын көз» тұлпарымен екінші орынға табан тіреген Жамбыл облысынан қатысқан Исламнұр Ертөске 3 млн теңге (ат иесі – Нұрсейіт Жылқышыбай), «Оқжетпес» сәйгүлігімен үшінші орынға ие болған тасқалалық Жігер Бекболатұлына (ат иесі – Алдияр Байзулин) 2 млн теңге табысталды. Ал «Тентек торыны» тізгіндеп төртінші болып келген тасқалалық Едрес Бекханға 1 млн теңге (ат иесі – Бауыржан Мамбетов), одан кейін «Мадоннаны» ауыздықтаған бесінші орындағы ақжайықтық Ерқанат Нұрқанатұлына 500 мың теңге (ат иесі – Тұрар  Өтешев) табысталды.

Ұлы даланы дүбірге бөлеген аламан осылайша қорытындыланып, өңірдің ат спорты мерейін  асырды.

Нұрсейіт Жылқышыбай, Алматы  облысы:

– Бұл бәйгеге екі жүйрігімді қостым. Маңғыстаудағы Ақтау, мұнайлы Атырау, Ақтөбе мен Орал – бәрі бізге бөтен емес. Шешемнің анасы Кіші жүзден еді, Байұлынан, сондықтан бұл  өңір мен  үшін  түп  нағашыдай  ыстық.

Екі атым да шабысынан жаңылған жоқ. Абай тойында алдына қара салмаған «Тобылғыторым» бұл жолы да топ жарды. Қамбар ата тұқымының тұяғы аман болсын! Ал аламанға ел көзінен жасырын ұстап жүрген «Алтынкөз» атты тұлпарымды қостым. Ол екінші орынды иеленді. Бірінші орынды қарағандылықтардың «Айторы» деген  жүйрігі  алды. Шын мәнінде, нағыз арғымақ екен!

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале