Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов шаһардағы Жастар мәдениет үйінде тұрғындарды қабылдады.

Таңғы сағат 10:00-де бастау алған «Ашық әкімдік» шарасы кешкі сағат 22:00-де аяқталды. Оған қала әкімімен қатар, түрлі саланың бөлім басшылары, құқық қорғауқұрылымдары мен коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты. Қабылдауға жазылған 286 тұрғынның 171-і Мұрат Болатұлымен тікелей жүздесті. Ал қалған 115 тұрғын толғандырған сұрақтары мен мәселелері бойынша жауапты сала мамандарына жолықты.
Ә. Кердері көшесіндегі 189-үйдің тұрғыны Малика Сүйінбаева өзі тұратын тұрғын үй маңында құлайын деп тұрған ағаштар бар екенін, сондай-ақ подъездегі жарықтың бағасы тым қымбат екенін айтты.
– Биылдан бастап тұрғын үй подъездеріне есептегіш құрылғылар қондырылуда. Түнде жарықтың жарқырап тұрғаны жақсы, бірақ электр төлемінің бағасы шарықтап тұр. Мәселен, осы айдың 20-сы күніне 13 мың теңге қаражат төледік. Бұдан өзге де коммуналдық шығындар бар. Қалтамыз көтермейді. Қала әкімі бұл мәселені жауапты мамандарға тапсыратынын және жақын арада шешімін табатынын айтты, – деді қабылдауға алғашқы болып кірген тұрғын.
Деркөл кентінің тұрғыны Талғат Досмағамбетов өзі тұратын шағынауданда мәдениет үйі жоқ екенін жеткізді. «Бұрынғы мәдениет үйін жөндейді дегенді естіп едік. Алайда ғимарат апатты жағдайда болғасын сүрілді. Енді деркөлдіктерге мәдениет үйі қашан салынады екен?», – деді кент тұрғыны. Шаһар басшысы келер жылда кентте мәдени ошағы бой көтеретінін хабарлады.
– Кенттің бұл негізгі мәселесі келер жылдарда оң шешімін табады. Мәдениет үйін салуға инвесторларды тарту керек. Осы ұсынысымды өңір басшысына айтып, құлағдар еттім. Бүгінде бір мәдениет үйін салу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Тұрғындар көп шоғырланған кенттер мен шағынаудандар назардан тыс қалмайды, – қала әкімі М. Байменов.
Қала тұрғыны Мәншүк Мұхтарова баспаналы болуды қалайды. «Тұрғын үй кезегіне 2006 жылы тұрдым, 20 жылға жуықтап қалды. Қазір 55-болып кезекте тұр екенмін. Ал баспанасыз жүргеніме биыл 30 жыл толады. Мүгедектік бойынша зейнетке шықтым. Табыс көзі сол ғана. Далада қалып қоямын ба деп қорқамын», – деді ол. Оған «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұржан Қалишанов былай деп жауап берді.
– Сіздің алдыңыздағы азаматтардың үйлі болған сайын сіздің кезегіңіз жылжи береді. Соңғы жылдарда баспанасы бар, бірақ «Отбасы банкке» тіркелген тұрғындар кезектен түсіп қалды. Яғни қазір тұрғын үй кезегінде тұрғандар – өзіңіз секілді үйі жоқ азаматтар екенін ұмытпаңыз. Сіздің алдыңызда тұрған 54 тіркелушіні аттап өтіп, кезектен тыс үй бере алмаймыз, – деді филиал директоры.
Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді шешу үшін жауапты мамандарға тапсырмалар берілді.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»