17.09.2025, 9:15
Оқылды: 251

Президент Жолдауы басты назарда

Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакировтың төрағалығымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынға қоғам белсендісі, жерлесіміз Табылғали Сапаров пен облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев, сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева мен ауылдық округ әкімдері, мекеме және бөлім басшылары, зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Жиын үлкен зал (7)

Алдымен сөз алған аудан әкімі Талғат Шакиров Жолдаудың маңыздылығына тоқталып, онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және цифрлық дамуының негізгі басым бағыттары айқындалғанын атап өтті. Атап айтқанда, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін және ауыл шаруашылығын дамыту, көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және су инфрақұрылымын жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері көтерілді.  «Ауданымыз географиялық орналасуы мен инфрақұрылымдық әлеуеті жағынан инвестиция тартуға қолайлы өңірлердің бірі. Республикалық маңызы бар автожол бойында, теміржол қатынасы бар, облыс орталығына жақын орналасқан аудан – инвесторлар үшін тартымды аймақ. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру арқылы ауданның экономикалық әлеуетін көтереміз»,-деді әкімі Талғат Асқарұлы. Сондай-ақ аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының дамуына, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне, Жолдауда атап өтілген жасанды интеллектті енгізу қажеттілігіне тоқталып, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Жиын үлкен зал (10)

Жиын барысында қоғам белсендісі Табылғали Сапаров  өз ойын ортаға салып, Жолдауда көтерілген ішкі және сыртқы саясат мәселелеріне назар аударды. Ол әлемдік геосаяси жағдайдың күрделеніп отырғанын айтып, бұл ретте мемлекеттің ұстанымы мен бағытының айқындалуы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, өнеркәсіпті дамыту бағыттарына тоқталды.

Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін көтеріп, мал және егін шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, жерлердің мақсатты әрі ұтымды игерілуі жөнінде ой бөлісті. Ветеринария саласының маңыздылығын, суармалы егіс көлемін арттыру қажеттілігін де тілге тиек етті.

Аудандық аналар кеңесінің мүшесі Нұрлы Жұмағұлова Жолдауда айтылған қоғамдық тәрбие, әсіресе әйелдердің мәдениеті мен мінез-құлқы туралы мәселеге тоқталып, ұлттық құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, отбасылық тәрбие мен әлеуметтік желідегі ақпараттық кеңістіктің әсері жөнінде өз пікірін білдірді.

Жиын үлкен зал (5)

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова Жолдауда білім беру саласына, әсіресе жасанды интеллектке негізделген жаңа білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттігіне назар аударылғанын айтып өтті. Ол жасанды интеллектті меңгеру мектеп қабырғасынан басталуы керектігіне тоқталып, бұл бағытта жаңа оқу бағдарламаларын енгізу және педагогтарды даярлау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын жеткізді.

Жиын үлкен зал (11)

Сондай-ақ, жиын барысында «Атамұра» шаруа қожалығының инженері Дәурен Мүсірәлиев сөз алып, ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Талғат Шакиров Мемлекет басшысының Жолдауда Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдына нақты міндеттер қойғанын атап өтіп, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале