Бөкей ордасы ауданына қарасты Мұратсай ауылының жарты ғасырлық мерейтойына арналған шаралар легі бүгін ауылдық мәдениет үйінде «Мұратсай мерейі: жарқын жолдың 50 жылы» атты мерекелік концертпен бастау алды.

Аталған шараға облыс орталығынан өңірімізге Бауыржан Ширмеден, Сұрадым Мирланов, Талғат Мықи және Айнабек Бисенғалиев сияқты танымал айтыс ақындары, Қайрат Какимов, Фархад Оразов сынды дәстүрлі әншілер арнайы келіп, ауыл жұртшылығына әсем ән мен жырдан шашу шашты.

Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов сөз сөйлеп, ауылдың өсіп-өркендеу жолындағы жетістіктеріне тоқталып, мерекелік жиынға жиналған ағайынға ақжарма лебізін жеткізді.

Сондай-ақ, аудан басшысының атынан алғысхаттар табыс етті.

Әсем әуен мен жалынды жырдан қуат алған көрермен алыстан ат арытып жеткен меймандарға ыстық ықыласын білдіріп, шынайы алғысын жаудырды.

Мерекелік шараның соңында ауылдың өркендеуіне айрықша үлес қосып жүрген жанашыр азамат Ертай Насимуллин де өнерімен шараның көрігін қыздырған меймандарға сый-сияпат табыс етіп, мерейлі мерекенің мәнін арттыра түсті.

Арайлым Маратқызы
Бөкей ордасы ауданы