Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсаловпен кездесу өтті.

Университеттің Мансап және бизнес-серіктестік орталығы ұйымдастырған шараға бітіруші курс студенттері қатысты. Алдымен сөз алған аталмыш орталықтың директоры Ақылбек Нұрғалиев бұл кездесудің маңызына тоқталып, болашақ жас мамандар үшін пайдалы боларына сенім білдірді. – Соңғы жылдары біздің университет түлектерінің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артып келеді. Оның нақты дәлелі – бүгінде облыстық және аудандық деңгейдегі түрлі департаменттер мен басқармаларда қызмет атқарып жүрген түлектеріміздің қатары көбеюде, – деді Ақылбек Мұратұлы.

Бұдан әрі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Мұрат Сейілбекұлы мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер мен жас мамандарға жасалған мүмкіндіктер жайында мазмұнды ақпарат берді. – 2023 жылы еліміздің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның ішінде жоғары оқу орнын бітірген түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдану мүмкіндігі қарастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Атап айтқанда, жас мамандар ауылдық және аудандық деңгейдегі басшылық емес лауазымдарға ешқандай конкурс пен тестілеуден өтпей-ақ жұмысқа орналаса алады. Ол үшін үміткерлер екі талапқа сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, олар мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алған болуы қажет. Екіншіден, оқу үлгерімі 3,33 GPA немесе 100 баллдық жүйе бойынша 85-89 балл аралығында болуы шарт. Мұндай мүмкіндік жастарды мемлекеттік қызметке ынталандырып, кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізеді, – дейді департамент басшысы.

Ал аудандық немесе ауылдық елді мекендерге баруға құлықсыз жас мамандарға «eQyzmet» порталы арқылы мемлекеттік қызметтегі бос орындар туралы толық мәлімет алуға болады. Өзін қызықтырған лауазымдық қызметпен толықтай танысып, конкурсқа қатысып, бағын сынап көруіне жол ашық. Сондай-ақ департамент басшысы «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің бағыттарымен де таныстырды. Басқосу соңында білім алушылардың мемлекеттік қызметке қатысты сауалдарына жауап берді.
БҚАТУ баспасөз қызметі