18.09.2025, 18:15
Оқылды: 199

Жауапты хатшы ардагерлер үйіне ат басын бұрды

Бүгін ауданымызға «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы, жерлесіміз Талғат Қаналиев келіп аудандық ардагерлер үйіне ат басын бұрды. Қонақты «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев қарсы алып, шағын құрамда өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов, «AMANAT» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов және жергілікті ардагерлер қатысты.

image-18-09-25-05-33

​Талғат Талапұлы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қараңында ауданымызға бір топ генералды бастап келіп, олар ауданымыздың соғыс жылдарында Сталинград майданының жақын тылы болғанын, ауданнан майданға аттанған азаматтарымыздың аталған және басқа да қалаларды неміс-фашист басқыншыларынан ерлікпен қорғағаны туралы ардагерлер үйінде жинақталған мәліметтермен жан-жақты танысып, аудан орталығындағы соғыс жылдарынан сыр шертетін ескерткіштерді өз көздерімен көрген болатын. Ауданымызға «ҚаҺарман аудан» мәртебесін ресми түрде беруге қатысты үлкен ұйымдастыру жұмыстарын атқарып жүрген азаматтың бірі – осы Талғат Қаналиев.​

image-18-09-25-05-33-3

​-Менің бұл мәселені көтеріп жүргеніме біраз жыл болды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығында «Генералдар кеңесі» РҚБ-ның сол кездегі төрағасы Рүстем Қайдаров осында келді, сол кісіге Жәнібек ауданын соғыс оты шарпығанын айтып, осы бағытта тиісті органдарға хат жазайық деп ұсыныс айтып, өзіміздің жерлесіміз, генерал Сәбит Тауланов, президент архивінің директоры болған Людмила Дегетаева, тағы да басқа азаматтарға жолығып, олардан кеңес алдым. Кейін Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына «Қаһарман аудан» деген ескерткіш әкеліп қойды ғой. Ескерткішті қойғанмен, ресми түрде мәртебесі берілген жоқ. Ол заң жүзінде берілуі керек. Осыны біздер Астанадағы, Алматыдағы генералдарға да жеткіздік. ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-патриоттық орталығы бар, сол жерде ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Сонда жерлесіміз Ахмедияр Батырханов, бөкейордалық Айболат Құрымбаев, тарихшы Алмагүл Алдабергенова баяндама жасады. Депутаттар біздерге хат жіберді, конференцияның қорытындысын мәжіліске жеткізіңіз, біздер фракцияларға  таратамыз. Сол жерде жұмыс тобы құрылып, тарихшылардың, сарапшылардың, өлкетанушылардың қатысуымен талқыланады. Сосын ол осы күзде Парламент палаталарының сессиясында қаралатын болады деп жоспарлануда. Пленарлық отырыста шешім шығарылғаннан кейін Президентке жолданып, ол қол қоятын болады. Оның осындай алгоритмі бар, - деді Талғат Талапұлы өз сөзінде.

image-18-09-25-05-33-2 image-18-09-25-05-33-4

​Басқосу барысында жиналғандар аталған тақырыпта емен-жарқын әңгіме өрбітті. Отырысты Жаннұр Бекбауұлы қорытындылап, жиналғандар естелік суретке түсті. Кейін Жәнібек ауылының Иманов және Мәметова көшелерінің қиылысындағы соғыс жылдарында диірмен орналасқан жерге барып, соның орнында қалған қазаншұңқырды көрді.

 

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале