Ресей экологиялық операторы (РЭО) Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігімен бірлесіп, минералды тыңайтқыштар өндірісінің қалдығы – фосфогипсті екінші айналымға тартуға мүмкіндік беретін кешенді жоспар әзірледі, деп хабарлайды РЭО сайты.

Фото: freepik.com
Хабарламада айтылғандай, құжат жақын арада Үкімет қарауына енгізіледі. Жоспарға сәйкес, фосфогипстің қолданылу ауқымы кеңейтіледі. Оны жол салуда, ауыл шаруашылығында, қалдықтарды орналастыру нысандарын рекультивациялауда қолдануға болады.
Ресейдің табиғи ресурстар және экология вице-министрі Д.Буцаевтың айтуынша, фосфогипс жол құрылысы үшін маңызды ресурсқа айналуы мүмкін. Оның қолданылуы жол жабындылардың беріктігін арттырады және ірі көлемдегі өнеркәсіптік қалдықтарды айналмалы экономикаға тартуға көмектеседі.
– Бұл біз қалдықты ресурсқа айналдыра отырып, экология мен инфрақұрылымды дамыту міндеттерін қатар шеше алатынымыздың бір мысалы, – деді шенеунік.
Фосфогипс – минералды тыңайтқыш өндіру кезінде пайда болатын химия өнеркәсібінің қосалқы өнімі. Ол ең көп таралған өнеркәсіптік қалдықтардың қатарына жатады. Дегенмен, оның қолдану мүмкіндігі кең: материалды жол, тротуар, велосипед жолы, спорт және балалар алаңдарын салуда пайдалануға болады.
РЭО бас директоры И.Тарасованың айтуынша, фосфогипсті қолдану тәжірибесі Ленинград және Саратов облыстарында сәтті жүзеге асырылған. Саратов облысының Балаково ауданында жалпы ауданы 180 мың шаршы метр болатын пилоттық жол учаскелері салынған.
Сонымен қатар, фосфогипсті қалдықтарды орналастыру нысандарын рекультивациялау барысында қолданудың да оң тәжірибесі бар. Мұндай технологиялар мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алды.
Дереккөз: ҚазАқпарат