Бүгін филармонияның ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған «Дәуір дарабозы» атты мерекелік концерт өтті.

Кештің салтанатты бөлімінде БҚО әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ақынның асыл жары Салтанат Мырзалиеваға Қадыр Мырза Әлі атындағы мерейтойлық медаль тапсырып, қазақы камзол кигізіп, сый-құрмет көрсетті.

Салтанат Қадырқызы тоқсан жылдығын тойлап, ақынын ардақ тұтқан туған жеріне алғысын жеткізді.

Ақын отбасынан ақынның қарындасы Күләш Мырзалиева, Ғазиз Қадырұлы, немерелері Айсұлу, Айнамкөз де қатысты.

Ақын тойына арнайы шақырылып, Ақ Жайық өңіріне келген құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгереева, ТМД Журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты, публицист Қайнар Олжай, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының құрылтайшысы, «Парасат» орденінің иегері, меценат Құндыз Нупов болды.
Бұл кеште Қадыр ақын туралы «Қадырдың қанатты сөздері» және «Жүрегіме жеткен жыр» атты екі бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды.

Шара Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған мерекелік концертпен жалғасып, ұлы ақын туған елінде ұлықталды.

Кеш соңында филармония әртістеріне БҚО әкімінің ықылас гүлі тапсырылды. Ақын тойы бұнымен бітпейді. Түстен кейін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Атамекен» өнер ордасында конференция өтіп, ертең Сырым ауданында өтетін мерекелік шараларға ұласады.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі