Қазақстанның Халық жазушысы,ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мәдени-көпшілік тойтөбенің басында жалғасты.

Елдің есілі ат шабар алаңда.
Бағдарлама бойынша жүйрік тізгіндеген шабандоздар құнан жарысы, топ бәйге және аламан бәйге жиделерін киіп, үш топқа бөлінген. Шілде жемнен шыққанына көп уақыт өстпесе де, мүсініне қайта оралған тарландар иесінің үмітін шабандозбен қоса арқалап қосылды майданға.
Төрешілердің пәрменімен бірінші болып сөре сызығына құнандар жиналды. Бұл саптың қатарында алысты-жақынды аудандарды айтпағанда Атырау, Ақтөбе облысының бәйге аттары да тұр. Ауыздық шайнап, қамыс құлағын қайшылаған сәйгүліктер “әне-міне” дегенше ала шаңды аспанға көтерді. Қараша қаздай тізіліп, 9 шақырымдық бәйге жолына тізгін босатқан құнандар мәре сызығынада жақындады. Ел-халықтың куәгерлігімен III-орын Көздіғаралық Мүтиев Серіктің Абаданына, II-орын Атырау қаласынан келген Бисенов Амангелдінің Айхайына, I-орын Ешев Болат мырзаның аты Ханымына бұйырды.

Елеңдеген елдің назарын суытпай, топ бәйгенің тарландары да халық алдына жинала бастады. Бас-аяғы 27 ат тіркелген 18 шақырымдық бәйге жолына Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстарының үкілеген үміттері келіп бақ сынады. Жымпитының іргесін дүбірге бөлеген арғымақтар ішінен Алатаудың бөктерінен келген үш дарабоз суырылып шыға келді. Ішінде Сырым ауданының өз баласы, бұлдыртылық Мерей батырда бар. Мерей Иесі Сапарғали Сәтпаевтың Байқоңыр атты пырағымен мәре сызығын бірінші болып кесіп,Қадыр ақынның 90 жылдық тойына ерекше шашу шашты. Кезегінше екінші және үшінші орын Мұрат Қозыбаев мырзаның Жетісу, Қарқара есімді арғымақтарына бұйырды.
Ендігі рет халық күткен бәйге аламанда. Автокөлік кімге бұйырады. Иесін күткен ақ Cherry Tiggo қай бағытқа бет алмақ.

Қиқу салған көрерменнің шуылына қаны қызып, сауырынына қонған шіркейдің өзін салмақ көрген аламан бәйгенің жүйріктері тыпыршыған күйі сөре сызығынан ытқи жөнелді. Әуелінде бірінен бірі қалмай, қаумаласа шапқан болса, 24 шақырымды орталай келе, көлге бет алған үйректің балапандарындай болып шұбырып, созыла бастады. Дүлдүлдердің тас тұяғымен көтерілген қара жердің шаңы - Қадыр ақынның оянған рухы іспетті. Көкпен жерді қақ айырып, самайға соққан самалды тіліп келе жатырған үштікке елде елеңдеулі күйде тұр. Міне, аламанныңда аяқталар сәті. Мәре сызығын Маңғыстаудың Расул шабандоз тізгіндеген «Айтулы» есімді торы шағыры кесті. Елге келген қонаққа жол берген Серік Мүтиев қосқан, Құбайдолла атбегінің бабын көрген Мадам Сюзий екінші болып келсе, үшінші орынды Жұбанның елінен келген Мадияр Құрманғалидың Ақжайық есімді сәйгүлігі иеленді.
Осылайша, бас бәйге Маңғыстаудың маңғаз еліне бет алды. Айта кетейік, Осыдан он жыл бұрын берілген аста да Көмекбай Махамбетов баптаған жүйрік таңдай қақтырып, Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына тігілген бәйгені олжалаған болатын.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы