Қазіргі мемлекеттік қызмет үнемі жаңаруды, икемділікті және уақыт талабына бейімделе білуді қажет етеді. Осы қасиеттерді қамтамасыз ететін құралдардың бірі – мемлекеттік қызметшілердің ротациясы.

Ротация – жай ғана кадрларды ауыстыру емес. Бұл – кәсібилікті арттыруға, тәжірибе алмасуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік аппаратты неғұрлым тұрақты әрі тиімді етуге бағытталған жоспарлы даму жүйесі.
Өз кезегінде, ротацияның құқықтық тетіктері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында және Мемлекет басшысының тиісті Жарлығында бекітілген.
Соған сәйкес, саяси мемлекеттік қызметшілер әр төрт жыл сайын ротациялануға жатады, уәкілетті тұлғаның (органның) шешімі бойынша тағы екі жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
«А» корпусының қызметшілерінің өкілеттік мерзімі – егер заңдарда немесе Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзге мерзім белгіленбесе төрт жылды құрайды. Сондай-ақ, екі жылға ұзарту құқығы қарастырылған.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері – төрт жылда бір рет ротациялаудан өтеді. Бұл ретте қызмет мерзімін 6 немесе 8 жылға дейін ұзартуға болады, ал бір лауазымда үздіксіз 8 жылдан артық отырған жағдайда – міндетті түрде ротация немесе төмендету қолданылады.
Жекелеген санаттар үшін (жалғызбасты ата-аналар, мүгедектігі бар тұлғалар және т.б.) ротация тек олардың келісімімен жүргізіледі.
Демек, ротация механикалық рәсім емес, әлеуметтік жағдайлар мен қызметшілердің жеке ерекшеліктерін ескеретін жүйе болып табылады.
Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 3448 бірлікті құраса, нақты 3277 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды.
Ағымдағы жылдың басынан бері облысымызда 7 қызметші ротацияланған, олардың барлығы өңірішілік (облыс шеңберіндегі) ротациядан өтті: 3 қызметші – аудандық орталықтан облыс орталығына, 4 қызметші – облыс орталығының басқармалары арасында.
Бұл ротация аудан әкімдерінің орынбасарлары мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыстық атқарушы органдардың басшылары мен орынбасарлары арасында жүзеге асты.
Аталған деректер ротацияның формальды емес, жүйелі сипатқа ие екенін, оның мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігіне және қоғамның мемлекеттік қызмет институтына деген сеніміне тікелей әсер ететінін көрсетеді.
Маңызды мәселенің бірі – ротацияланған қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктер мен қолдау көрсету.
Мәселен, басқа өңірге ауысу кезінде қызметтік тұрғын үй (жекешелендіру құқығынсыз) беріледі, өтемақы мен ротациялық төлемдер қарастырылады. Мұндай тәжірибе тұрмыстық қиындықтарды азайтып, қызметшінің жұмысқа шоғырлануына мүмкіндік береді.
Ротация бір мезгілде бірнеше міндетті орындайды:
* кадрлардың тоқырауы мен формализмнің алдын алады;
* кең басқарушылық көзқарасы бар мамандарды қалыптастырады;
* қызметшінің жергілікті ортаға шамадан тыс тәуелділігін болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді;
* өңірлер мен орталық органдар арасында тәжірибе алмасуға және мансаптық өсуге жағдай жасайды.
Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды, әрбір қызметші ротацияның жаза емес, кәсіби әрі жеке даму мүмкіндігі екенін түсінуі тиіс.
«Жаңа орта – жаңа ой туғызады» дейді халық даналығы. Ротация – мемлекеттік қызмет жүйесінің кемелдігі мен тұрақтылығының көрсеткіші. Ол тұрақтылық пен жаңарудың арасындағы теңгерімді сақтауға, мансаптық дамуға жаңа мүмкіндіктер ашуға және мемлекеттік аппаратты нәтижеге бағытталған, мобильді етуге көмектеседі.
Бұл құралды тиімді қолдану Қазақстанға кадрлық әлеуетті нығайтып, адал, кәсіби және қоғам мүддесіне қызмет ететін жаңа форматтағы мемлекеттік қызметті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мұрат Байсалов,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Батыс Қазақстан облысы бойынша
департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы