23.09.2025, 17:30
Оқылды: 112

Анаға тағзым

Орал шаһарындағы Салтанат сарайының алдында «Анаға тағзым» атты архитектуралық нысан ашылды.

anaga-tagzym-zhp-2

Салтанатты іс-шарада Орал қалалық мәслихаттың төрағасы Есентай Қалиев, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті, әлеуметтану ғылымдарының докторы Раушан Сәрсембаева және БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина лебіз білдіріп, жиналған жұртшылықты құттықтады.

2023 жылы іскер әйелдер қауымдастығы өткізген «Еңбегі жанған арулар» атты форумда аталған қауымдастық төрайымы Жансұлу Төремұратова аналарға арналған ескерткіш тұрғызу жөнінде бастама көтерген. Аталмыш нысанның бой көтеруіне меценат, БҚО іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі, Орал қалалық мәслихатының депутаты, «ДСК Приоритет» жол-құрылыс компаниясының директоры Жанна Кенжина қаржылай қолдау көрсетті. Жобаның жалпы құны – 50 млн теңге. Ауторы – астаналық сәулетші Нұржан Жексенбаев.

– Бүгін, міне, Конституцияның 30 жылдығы, «Іскер әйелдер қауымдастығы» үкіметтік емес ұйымының 30 жылдық мерейтойы және Қала күніне байланысты осындай керемет мүсінді тарту етіп отырмыз. Екі жылдық ізденіс пен еселі еңбектің нәтижесінде қаламыздың ең әсем жерінде ескерткіштің бой көтергеніне қуаныштымын. Бұл нысанды қоюдағы мақсатымыз – анаға тағзым ету, ана деген ұлы атты ұлықтап, оны қастерлеу. Осы бастамамыздың жүзеге асуына қол ұшын берген баршаңызға мың алғыс, – деді «БҚО бойынша іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансұлу Төремұратова.

anaga-tagzym-zhp-4

Ана қасиетін, ана құдіретін дәріптейтін ерекше ескерткіштің лентасын Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы мен аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина қиды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі ұғымдарымыз жер-ана, Отан-ана сөздерімен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар» деп атап өткендей, бұл нысан барша ананың құрметіне қойылған. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген асыл жандарға деген тағзымның көрінісі.

 

Рүстем Авдеев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале