24.09.2025, 11:30
Оқылды: 300

Казталов ауданы: Қошанкөлдің келешегіне жаңа серпін 

Казталов ауданы, Қошанкөл ауылдық округінде соңғы уақытта ауқымды істер жүзеге асуда. Бұл шаралардың барлығы округ әкімі Радж Болақайұлының бастамалары мен ауыл тұрғындарының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

image-24-09-25-09-49-5

Округ халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан арзан бағамен шөп жеткізу мәселесі басты назарда тұр. Өткен жылы шөптің шығымы жаман болмаған еді. Шаруа қожалықтарының күшімен ауыл тұрғындарына сайдан шөп шабу жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар Тасқала ауданынан да шөп жеткізіліп, қыстық мал азығы дайындалған еді.

image-24-09-25-09-49-2

Ақсирақ су қақпасының бұзылуына байланысты 2023 жылы келетін судың бір бөлігі өзенге кетіп қалған еді. Бұл мәселе биыл ауылдың күшімен шешімін тапты. Қақпа жөнделіп, ауыл шаруашылығына қажетті су қоры сақталды.

Округте халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да ірі жобалар қолға алынуда. Қошанкөл ауылынан екі пәтерлі тұрғын үй салынып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді. Ордабай ауылында тағы бір екі пәтерлі үйдің құрылысы басталды.

image-24-09-25-09-49-3

Көлік қатынасы да басты назарда. Беспішен-Қошанкөл жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылдар арасындағы қатынасты жеңілдетіп, шаруашылық жұмыстарын жандандырары сөзсіз.

image-24-09-25-09-49

Биылғы жылы «Қарлығаш» бөбекжайы 45 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар көптен бері айтылып жүрген Бақасай бөгеті де күшейтілді. «Қуанқұрылыс» ЖШС күшімен бөгеттің биіктігі көтеріліп, ені кеңейтілді. Бұл жұмыстарға 2,5 миллион теңге бөлінді.

Қошанкөл округінде қоғамдық өмір де қызу. Жергілікті қоғамдастық мүшелері белсенді жұмыс атқарып, ардагерлер ұйымының төрағасы жаңадан сайланды. Төртінші деңгейлі бюджет бойынша салық түсімі жоспардан асып, 2025 жылға белгіленген 4 млн. 464 мың теңгенің орнына қазіргі таңда 5 млн. 131 мың теңге жиналып отыр.

image-24-09-25-09-49-4

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін тұрғындарға грант алу мүмкіндігі жасалды. Бұл ауылда жаңа бастамалардың тууына жол ашты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында сенбіліктер өткізіліп, ауылға кіреберіс, Гагарин саябағы және сай бойына ағаш көшеттері отырғызылды. Көктерек тоғайында демалыс орны абаттандырылып, тұрғындардың тынығуына жағдай жасалды.

Ауыл азаматтарының да көмегі аз емес.  Мектеп бітіргендеріне 10, 20, 40 жыл толған түлектер ауылға өз тартуларын жасады. Олардың арасында дрон, LED экран, қоршау ішіне егілген көшеттер, зират басында Құран бағыштайтын орын сынды игілікті істер бар.

Ауылдың қауіпсіздігі үшін де жұмыстар жасалуда. Батырбек қыстауындағы сібір жарасы көміндісінің орны бетондалып, халық денсаулығына қауіпсіз жағдай жасалды.

Қошанкөл ауылдық округі ауыл шаруашылығы дамыған, әлеуметтік жобалары жүйелі жүзеге асып жатқан ауыл. Жегілікті билік өкілдері мен халық бірлесе жұмыс істеп, ауылдың өркендеуіне үлес қосуда. Әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы, мәдени шаралардың артуы, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар округтің келешегіне тың серпін беруде.

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале