Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн», - деп атап өткен болатын.

Президентіміздің халыққа жолдауынан туындайтын осы бір міндеттердің бірі — көпбейінді ауруханаларды салу. Осы міндет біздің Казталов ауданында тікелей жүзеге аспақ. Ауыл халқына сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету мақсатында елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы қолға алынуда. Бұл бастама – Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарының халқы үшін көптен күткен қуанышты жаңалық.
2025 жылдың қазан айында Казталов ауданында көпбейінді ауданаралық аурухананың құрылысы басталмақ. Жаңа емдеу мекемесі Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының халқына қызмет көрсетеді. 100 адамға дейін жатқызуға арналған аурухана заманауи МРТ, КТ, ангиограф секілді медициналық жабдықтармен толық қамтылады.
Енді аталған аудандардың тұрғындары сапалы медициналық көмек алу үшін облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде заманауи қызметке жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
Болашақ ауруханада жоғары білімді 21 дәрігер, орта білімді 49 медицина қызметкері және 51 басқа да мамандар еңбек етпек. Жас кадрларды тарту мақсатында республикалық, облыстық және аудандық бюджет есебінен көтерме төлемдер қарастырылып, тұрғын үймен қамту мәселесі шешілмек.
Көпбейінді ауданаралық аурухананы салуға бірнеше себеп түрткі болды. Атап айтсақ, қолданыстағы медициналық инфрақұрылымға түсіп отырған жоғары жүктеме, ауылдық аудандардағы кадр тапшылығы (дәрігерлер, орта буын қызметкерлер, техникалық персонал), облыс орталығындағы медициналық орталықтарға дейінгі қашықтықтың ұзақтығы (163–242 км аралығы), ауыл тұрғындарының заманауи диагностикалық әдістерге (МРТ, КТ, ангиография) қолжетімділігінің шектеулігі.
Бұл жобаның жүзеге асуы нәтижесінде ауыл халқына сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістері қолжетімді болып, ауылдық денсаулық сақтау саласы кадрлармен қамтамасыз етіледі. Жоба жүзеге асып кетсе, жас мамандар үшін қолайлы еңбек жағдайы жасалып, олардың тұрақтап қалуы қалыптасып, ауыл халқының өмір сүру сапасы мен ұзақтығы артады.
Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Казталов аудандық ауруханасын қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қазан айында бастады. Қазіргі уақытта мердігерді анықтау үшін конкурс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс пен жабдықтау жұмыстары толығымен 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы