25.09.2025, 10:00
Оқылды: 216

Вьетнам елінде

Біздің Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне саяхатымыз Үндіқытай түбегінде орналасқан Вьетнам елінде жалғасты. Жер көлемі жөнінен әлемде 69-орында, 330 мың шаршы шақырым. Жағалау сызығы 3000 шақырымнан асады. Жер көлемі мен жағалау сызығының Италияға ұқсастығын көреміз. Географтарға Вьетнамның солтүстік-батысындағы таулар әйгілі Гималай тауларының жалғасы екені белгілі. Ал аспалы (канат) жолмен келе жатқанда төмендегі Красный және Меконг өзендерінің кең жайылма жазықтары мен Вьетнам джунглиінің ғажап көріністеріне куә боласыз. Таудың жарқабақтарына шай, кофе, бұрышпен қатар экзотикалық жемістердің көптеген түрі егілген. Бізге бұлардың біразының дәмін тату бұйырды. Вьетнам елінің алуан түрлі ландшафты мен топографиясының ерекшеліктері бүкіл әлем елдерінің туристерін өзіне магниттей тартатынының куәсі болдық.

рара

В ьетнам астанасы – елдің солтүс­тігінде орналасқан Ханой қаласы. Біз Ханойға барған кезде Дананг қаласынан туристік саяхат болмады. Бұрын болған екен, болашақта қайтадан бастайтындарын айтты. Дананг – Ханой мен Хошиминнің ортасында орналасқан елдің төртінші қаласы. Хошимин қаласы 1976 жылға дейін Сайгон деп аталған. Хошиминге туристік саяхат ұйымдастырылған. Бірақ бұл қалаға да жол түспеді, өйткені саяхат кестесі елге қайтатын уақытымызға сәйкес келді.

Вьетнам – өзінің тарихи салт-дәстүрлерін сақтаған, заманауи экономикасы қарқынды дамып жатқан ел. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дегендей, жергілікті халықтың өздерін бақытты сезінетінін барлық жерде анық байқадық. Елде электроника, текстиль, технология, ауыл шаруашылығы және туризм дамыған. Біз барған Дананг қаласы негізінен туризммен айналысады.  Қазақстандықтарға жақсы таныс, мақтаулы туристік қаласы Нячангта 300000 адам тұрса, Дананг – Еуропаға қарай біршама бағыт алған қала. Кафе, мейрамханалар жанындағы аквариумдардан  адам тамаққа пайдаланатын теңіздегі барлық тіршілік иесін кездестіруге болады. Қалағаныңды көрсетсеңіз, аспаздар көз алдыңызда тағамыңызды дайындап береді. Данангта халал тамақтанатын арнаулы орындар аз, мешіт жоқ. Әлемнің қаншама елінде болдым, мешіті жоқ кездескен бірінші елім Вьетнам болды. Сөйтсем, 100 миллионнан астам халқы бар, халқының саны жөнінен әлемде 15-орындағы елде мұсылмандар бар болғаны 25 мыңдай адам екен.

Мұндай саяхаттарда теңізге шомылу басты мақсаттардың бірі ғой. Дананг пен оның маңында 30 шақырымға созылған жағажай бар. Оңтүстік Қытай теңізінің бұл жердегі толқыны биік те қуатты болды. Индонезияның Бали аралындағы толқындар бұдан да биіктеу еді. Бірақ мен толқындар қуатын осы жерде жақсы сезіндім. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, біз үшін бұл жағажай ләззатын сезінуімізге еш кедергі болған жоқ. Біз жағажайдағы демалысымызды танымдық экскурсия бағдарламаларымен тоғыстырдық. Алғашқы экскурсиямызды Данангқа ең жақын орналасқан Шон Ча түбегіндегі мейірімділік құдайының әйгілі мүсініне «сәлем беріп», осы жердегі Линь Унг ғибадатхана кешенін тамашалаудан бастадық.

Мейірімділік құдайы (Lady Buddha) әйел адам бейнесінде. Оның сол қолында су құйылған ыдыс, оң қолында тал (ива) бұтағы. Бұл жерде Ана әлемге өмір сыйлайды, су болса өмір нәрі, ал өсімдік сол өмір нәріне шырынымен қуат береді деген мағынаны білдіреді. Бұл – Оңтүстік-шығыс Азиядағы биіктігі 67 метр, 30 қабат үйдей ең биік мүсін. Мейірімділік құдайы – Будда әйелі тек махаббаттың символы емес, ол бүкіл әлем әйелдеріне тән жанашырлық пен бейбіт өмірдің жаршысы екенін көрсетіп тұр. 2022 жылы АҚШ-та болғанымызда Колумбия округі Вашингтон қаласының ортасындағы Ұлттық аллеяда орналасқан Американың 16-президенті Авраам Линкольн мемориалына бардық. Сол жерде АҚШ-тың Вьетнаммен соғысы кезінде қаза болғандарға орнатылған мемориалы да бар екен. Қара мәрмәрға 58318 өлгендердің тізімі жазылған. 1975 жылы соғыс Вьетнамдықтардың жеңісімен аяқталды. Жалпы, Америка халқының көп бөлігі Вьетнаммен соғысқа қарсы болған. Қазіргі экономикасы қарыштап дамып, халқы бақытты өмір сүріп жатқан елде орнатылған мейірімділік құдайы мүсінінің жанында тұрып, вьетнамдықтардың бұдан бірнеше ондаған жыл бұрын әлемнің алпауыт елі – Америкамен қанқұйлы соғысқанын елестетудің өзі  қиын. Вьетнам халқы бұл жерге бүкіл әлемде тек бейбітшілік болуын тілеп тұрған мейірімділік құдайы – Будда әйелінің мүсінін орнату арқылы жер шарының түкпір-түкпірінен бейбітшілікті қолдайтын барлық адамды өзіне тартып, туризм мен экономикасын да қатты дамытып жатыр. Мүсін орналасқан Шон Ча түбегі жабайы табиғат бұрышы болғандықтан ба, бұрын еш жерде кездестірмеген қызыл түкті маймылдарды да көрдік.

Келесі экскурсиямызда Данангтың ең басты туристік нысаны саналатын қаланың оңтүстігіндегі мәрмәр мен ізбестен тұратын Мәрмәр тауға бардық. Бұл ғаламшардың бес стихиясы – судың,  ағаштың, оттың, металдың және жердің құрметіне аталған бес тау төбе. Барлық тауда да ғибадат-ханалар орналасқан бірнеше үңгір мен туннелдер бар көрінеді. Біз ең басты Туй Сон (Водная гора) үлкен әдемі тауында болдық. Кіру үшін билет аласыз, оған қоса, үңгірлер ішінде адаспас үшін карта қосып береді. Біз әуелі таудың басына шығып алып, содан соң үңгірлерді «зерттерміз» деп шештік. Ал тауға тік жарқабақтағы көп баспалдақпен шығады. Бұл өте қиын әрі қызықты. Туи тауының басына шыққанда, өзімді Гималайдың төбесінде тұрған альпинистей сезіндім! Алайда жасы келген адамға денсаулығы болмаса, мұндай тәуекелге барудың қажеті жоқ.

2024 жылы Малайзияда болғанда Бату Гейвстегі индуистік үңгірдегі храмға 274 тік баспалдақпен маймылдармен «таласып, тартысып, жарысып» көтерілгенімді жазғаным есіме түсті. Ол бүгінгі Вьетнамның Мәрмәр тауының төбесіне шығумен салыстырғанда түкке тұрғысыз болып көрінді. Әлемде біз баспаған жерлер жетерлік, тек бейбітшілік пен өмір болсын. Мәрмәр таудағы Хуен Кхонг – үлкен үңгір. Үңгірдегі Будда ескерткішіне күн сәулесінің төбеден түсіп тұрғаны ғажап пейзаж. Мұндағы 200 жылдық тарихы бар Линь Унг ғибадатханасында адамдар Буддаға тағзым етеді. Біз сияқты басқа сенімдегі туристер үшін де сана-сезіміңді тыныштандыратын жер.

Келесі экскурсиямыз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, Данангтан таксимен қырық минуттық жердегі Вьетнамның ескі портты қаласы – Хойанда болды. Хойан Азиядағы ең әдемі қала деп мойындалған. Мұнда Вьетнам, Қытай, Жапон, Еуропа мәдениеттері тоғысқан. Қаланың тарихи орталығындағы XVII ғасырда салынған ұзындығы 20 метр жапондық жабық көпір – қаланың символы.

Өздері «ескі қала» деп атайтын Хойан шын мәнінде атына сай. Көшелеріндегі сары үйлер, әртүрлі шамдар өткен кезеңдерге экскурсия жасағандай әсер қалдырады. Жергілікті халық Ұлы Жібек жолы осы Хойан қаласы арқылы өткенін мақтан етеді. Мұндағы тігіншілер сол кездегідей кез келген киім, аяқ киімдерді сенің дене өлшеміңе сай тігіп, белгіленген уақытта қонақүйге әкеліп береді. Өнімдерінің сапасы өте жақсы, бағалары да қолжетімді.  Күндіз кокос пен пальма орманының арасындағы өзенде корзина қайықпен жүздік. Қайықшылардың су бетінде қайықпен жүзіп жүріп көрсететін неше түрлі шоуын тамашаладық. Ал түнгі Хойан жүздеген фонар шамы жанып тұрғанда ертегідей. Ту Бон өзенінде қайықпен жүзу кезінде шырақ жағып, оны суға жіберіп, армандарыңның орындалуын тілейсің. Түнгі тамашаның шарықтау шегі – Айдаһар шоуы. Осы жерде түнгі базар да бар.

Данангтағы саяхаттардың бәрі де дүниетанымды байытады, қымбат уақыттың текке өтпегеніне риза боласың. Балаларымен келген туристер үшін де барлық жағдай жасалған.

Қаланың ойын-сауық орталығында әлемдегі ең биік шолу шеңберінің (колесо обозрение) алғашқы ондығына кіретін 115 метр, яғни 40 қабат үйдің биіктігіндей аттракционнан шаһарды тамашалауға болады. «Америка таулары» және басқа балалармен қатар, үлкендерді де таң қалдыратын аттракциондар жеткілікті. Біреулер Вьетнамға тек мейірімділік құдайын көру үшін саяхаттау керек десе, мен Бана Хиллске де экскурсия жасауды ұсынар едім. Данангтан Бана Хиллске тек аспалы жолмен (канат) баруға болады. Онда аспалы жолдың өзі бірнешеу және әлемдегі ең әдемі жолдардың бірегейі. Бана Хиллске экскурсия жасауға бір толық күнді арнаған дұрыс. Өйткені мұнда жоғарыда айтқан Алтын көпір, Француз ауылы, Қиял бағы – бәрі де көздің жауын алады. ХІХ ғасырдың соңына дейін бұл жер Француз колонизаторларының қолында болған. Соғыс жылдарында қараусыз қалған. Қазір бұл – жергілікті тұрғындармен қатар әлемнің әр түкпірінен келгендер демалатын танымал курорт. Еңбекқор Вьетнам елі Бана Хиллсті «жердегі жұмаққа» айналдырған. «Бана» – жергілікті шағын этностың тілінде «менің тауым» деген сөз. Экскурсияны төменнен бастасақ, мұнда Будда храмы (пагода) Линь Унг орналасқан, оған Махаббат бағы арқылы барып, іші-сыртын түгел тамашаладық. Одан соң  2018 жылы ашылған, туристер атап кеткендей, әлемге әйгілі «Құдайдың қолы» бар 1400 метр биіктіктегі алтын көпірге көтерілдік.

вьетнам2

Вьетнамның бұл жерін бір кезде колония жасаған француздардың аты неге сақталған? Соғыс жылдарында иесіз қалған табиғаты тамаша жерді «жердегі жұмаққа» айналдыру кезінде Француз инвесторларының да үлесі болған сияқты. Қазіргі Бана Хиллс 2016 жылы салынған. Осы жерде П. Чайковский мен Л. Толстойдың бюстерін кездестірдік. Кавказ асханасы «Баку-Кавказ» кафесін көрдік. Бұл Ресей мен Әзербайжан инвесторларының да қатысы болғанын байқатады. Жалпы, Вьетнам елі Корея, Тайвань, Қытай, АҚШ, т. б. елдермен ивестициялық байланысты жақсы жолға қойған. Бұл елдердің қатарында біздің Қазақстан да барын білесіздер.

Бана Хиллске туристер жыл он екі ай бойы келе беретін көрінеді. Географ ретінде айтарым, бұл жерге саяхатқа қолайлы уақыт – сәуірден бастап тамыздың аяғына дейінгі кезең. Біз сәуірдің соңында бардық. Қыркүйек пен қазанда келсеңіз, қолшатыр алуды ұмытпаңыз. Бұл – муссон жаңбыры болатын кез.

Туристер әлемнің қандай еліне барса да, музейлеріне соқпай кетпейтіні белгілі. Дананг қаласында бірнеше музей бар екен. Біз Вьетнамның орталық және оңтүстік бөлігін мекендейтін Чам халқының негізінен архитектурасы мен скульптурасының жүз жылдан астам тарихын көрсеткен музейінде болдық.

Музей экспонаттары негізінен хронологиялық ретпен қойылған тас мүсіндер мен фотосуреттерден тұрады. Экскурсия ағылшын, француз тілдерінде жүргізіледі. Аудиогид жоқ. Әр экспонаттың қасында оның аты мен ауторының аты ағылшын тілінде жазулы тұр.

Дананг қаласындағы Хан өзенінде  алты көпір бар. Қалаға ерекше көрік беріп тұрған 2013 жылы салынған қаланың жаңа символы – басы Оңтүстік Қытай теңізіне қарап тұрған Айдаһар көпірі. Ол қаланы күндіз де, түнде де, көлікпен де, жаяу да тамашалап, қыдыруға қолайлы.

Шопингпен еш әуестенбейтін туристің өзі де барған елінің үлкен сауда орындары мен базарларына соқпай кетпейтінін өз тәжірибемнен-ақ байқадым. Вьетнамда да басқа елдердегідей әлемдік брендтер сатылатын сауда орындары бар. Бірақ байқағанымыз, мұнда туристер негізінен «Вьетнамда жасалған» деген сапалы, құны қолжетімді тауарларға көп көңіл бөледі. Осы жерде «бізде де қашан осылай болар екен» деген ойымды жасыра алмадым... Ақшалары – донг.  Кімде-кім өмірінде бір рет саяхатқа шықса, ақшаны тек ресми айырбастау орындары мен банктерде айырбастау керектігін біледі.

Дананг қаласында аутобостар жүреді. Оның кестесі бізге сәйкес келмегендіктен, үнемі такси пайдаландық. Туристік қала болғандықтан шығар, біз пайдаланған таксилердің бәрінде дерлік орыс тілді анықтамалар болды. Оны қолыңдағы телефоныңның аудармашысы арқылы пайдаланып, өзіңе қажетті барлық сұраққа толық жауап алуға болады. Халқы вьетнам және ағылшын тілінде сөйлейді.

Қадірлі оқырман, бұрын бармаған болсаңыз, Вьетнамға саяхатты жоспарлаңыз. Әлемнің әдемілігін көру өмірге құштарлығыңызды арттыра түседі. Біздер үшін бұл таным мен талғамды жарастырған саяхат болды. Баршаңызға мәнді де мағыналы, нәтижелі саяхат тілеймін.

Сұлушаш Құлмалиева,

зейнеткер, географ ұстаз,

Астана қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале