25.09.2025, 13:00
Оқылды: 93

Кәсіпорын жаңа көкжиекті бағындырмақ

28 қыркүйек  – Машина жасаушылар күні

Биылдан  бастап  елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге, жұмысшы  мамандарын  даярлаудың сапасын  арттыруға, жұмыс  берушілермен  өзара  іс-қимылды  нығайтуға  бағытталған кешенді  жұмыстар  қолға алынуда.  Осындай ілкімді шаруалардың арқасында көп ұзамай отандық өндіріс орындарының әлеуеті нығайып, толық  қуатына  көшіп, ел экономикасын  өрге  тартпақ.

даулет

Машина жасаушылар күні қарсаңында жұмысшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлерінің бай тәжірибесі мен шеберлігі, сонымен қатар жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтарды енгізу үрдісі жағынан даму жолындағы Орал құю-механикалық зауытында болып қайттық. Сапалы өнімдерімен отандық нарықта танылған кәсіпорын тынысы әлі де ашыла түсіп, жаңа көкжиектерді бағындыруға  бағдар  ұстанған.

Құдық қақпағынан – мұнай қондырғысы өндірісіне

«Орал құю-механикалық зауыты» ӨК кәсіпорны Усмань қаласындағы құю зауытының негізінде құрылған.  1941 жылы желтоқсанның ызғарлы, аязды күні қалаға іргелес Деркөл стансасына аталған құю зауытының жабдықтары тиелген эшелон келіп жетті. Бір айдан кейін эвакуацияланған кәсіпорыннан майданға миналар мен снарядтар жөнелтіле бастады. Соғыстан кейін зауыт Ауыр өнеркәсіп министрлігінің құзырына өтіп, онда әртүрлі құрылыс-монтаждау жабдықтары шығарылды. Шығарылған өнімдері Кеңес одағы елдеріне жөнелтілді. Бір ғана құю цехы сағатына сегіз тонна шойын өндіретін. Зауыт 400-ден астам адамды жұмыспен қамтыды.

f36ff825-5dbe-43ed-a8d6-08fa8b1c3bdb

КСРО ыдырап, жаңа қоғамдық формацияға қадам басқан кезде дүрілдеген зауыт банкрот кепешін киді.  Цехтар қараусыз қалды, кейбір станоктар металл сынықтары үшін бөлшектеліп, қаңырап қалды. Теміржол тұйықтығы желісі үзіліп, көліктер сатылып кетті. 1998 жылы Алтай Мұқанбетқалиев басшылыққа келгеннен кейін ғана байырғы кәсіпорынға «жан» біте бастады. Ол бұған дейін Казталов ауданындағы «Қошанкөл» кеңшарын 11 жыл басқарған мықты басшы-тұғын. Кейінгі жылдары газ саласында табысты еңбек етті. Қай жерде қызмет етпесін, шатқаяқтаған шаруаны түзетіп, дөңгелетіп әкететін Алтай Ғаббасұлы кәсіпорынның «жыртығын» жамауға білек сыбана іске кірісті. Ол ағайындарымен бірге Теректі ауданының аумағынан дәнді дақылдар егуге жер алды. Екі жыл бойы егін өсіріп, дақылдарды сатудан түскен қаржыны кәсіпорынды қалпына келтіруге жұмсады.

аралбек

Құрылыс-монтаждау жабдықтары зауытынан   ұжымдық кәсіпорын болып, кейін «Орал құю-механикалық зауыты» өндірістік кооперативі болып қайта құрылды. Сол қиын-қыстау кезеңде басшылық барлық ауыртпалықты өз мойнына алды. Тапсырыстар іздеді, шикізатты жеткізу бойынша келіссөздер жүргізді, коммуналдық қызметтермен салық басқармасындағыларды тек жұмыс істеп тұрған кәсіпорын ғана өз қарыздарын біртіндеп өтей алатынына сендірді. Зауыт қарыздарынан 2004 жылы ғана  құтылды.

Өндірісте оң динамиканы қалыптастыру үшін сұранысқа ие өнімдерді шығару қажет болды. Қайта құрылғанға дейінгі өнімдерден өндірісте тек шойын құдық қақпақтары ғана қалды. Бұған дейін компания бұл өнімді Еділден Челябіге дейінгі аумақтағыларға жеткізетін. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан осьтік қораптарды шығаруға алғашқы тапсырыстар түсті. 2004 жылы зауыт жеңілдетілген несиеге құбыр майыстыруға арналған жабдық сатып алды. Ол кезде мұнай өнеркәсібіне жылытылатын сыйымдылықтар қажет болды. Шетелдік инвесторлар осы мақсатқа арналған тұрбаларды  Францияда тиісті қалыпта майыстыруға тапсырыс беруді жоспарлаған еді.  Бірақ кейін дәл осындай майыстыратын жабдықтың кен орнының дәл іргесінде, Оралдағы зауытта бар екені мәлім болды. Зауыттың тыныс-тірлігімен танысуға келген мұнай-газ өндіруші компанияның кірпияз өкілдері күйі қашқан цехтарды көріп, түңілгендей болғанмен, мұндағы жұмыстың сапасы олардың көңілінен шықты. Осылайша бірнеше күннің ішінде компания үлкен тапсырыс алып, орындауға кірісті. Бұл келісім компанияға несиені мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік  берді.

Қазіргі кезде зауыт мұнай-газ өнеркәсібіне, коммуналдық шаруашылыққа, көлік және ауыл шаруашылығы салаларына арналған жабдықтар мен бөлшектерді, соның ішінде мұнай тасымалдау сорғыларын, біліктер мен мұнай сорғы қондырғыларын шығарады. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықта сұранысқа ие және Ресей Федерациясының көршілес аймақтарында да танылған.

Заманнан қалмайды

Алтай Ғаббасұлы құю цехын кәсіпорынның жүрегі, оның іргетасы деп санайды. Ол күн сайын таңертең дәл осы жерден бастап зауыттың ішін аралайды.  Оның пайымдауынша, құйма құюдан бастап дәл металл өңдеуге дейінгі толық өндірістік цикл зауыттың қалпына келуіне және сұранысқа ие болуына мүмкіндік берді. Компания металл сынықтары мен қажетті  қоспаларды өз бетінше сатып алады. Қазіргі уақытта зауыттың зертханашылары металдар мен қорытпалардың құрамын дәл анықтауға және өндірістің әртүрлі кезеңдерінде өнім сапасын бақылауға мүмкіндік беретін спектрлік талдауды қолданады.

Өндіріс командирінің зауыт ұжымына сенімі нық. Өйткені талай рет тапсырысты орындау үшін әуелі үлгіні құрамдас бөліктерге бөліп, олардың сызбаларын сызу қажет болды емес пе?! Сонда мамандары жерге қаратқан емес. Мәселен, шегірткемен күресуге арналған инсектицидті шашыратқыштың өндірісі осылайша игерілді. Оның прототипі Ақ Жайық өңіріне Ұлыбританиядан әкелінген жабдық болды.

Химиялық заттың 50 метр қашықтыққа ұсақ бүрку үлгісіне қол жеткізілді. Оралдық зауытта  шығарылған бүріккіш импорттық нұсқадан бірнеше есе арзан әрі ол аккумулятормен жұмыс істейтін. Өйткені ол кездері бензин тапшы болғандықтан, соны үнемдейтін.

– Компанияның қайта ашылған алғашқы жылында зауыттың бұрынғы 20 жұмысшысын жұмысқа тарттық. Бүгінде шамамен 120 адам жұмыспен қамтылып отыр. Өндіріс көлемінің өсуін соңғы он жылда жеті есе өскен салық түсімдері айқын көрсетеді. Өткен жылы ол көрсеткіш 350 миллион теңгеге жетті.  Өндірісте мұндай дәлдікке қалай қол жеткіземіз деп сұрағанда, мен мұның бәрі металлургтеріміздің, токарьларымыздың, фрезершілердің, дәнекерлеушілердің шеберлігіне, еңбектеріне байланысты деп жауап беремін. Біз де үнемі жаңа технологияларды енгізіп, станоктарымызды жаңартып отырамыз, – дейді Алтай Ғаббасұлы.

Зауытты жаңғыртудың келесі кезеңі – цифрлық басқару бағдарламасы бар фрезерлік станокты алу болатын. Оны орнату және өндіріс процесіне кіріктіру компанияның жаңа буын металл өңдеу жабдықтарын сатып алу жұмыстарын аяқтады.

Зауыттағы басты адам кім?

Мұндағы жұмысшылардың орташа жасы – 50. Директордың айтуынша, жалпы металлургия, металл өңдеу өнеркәсібі салалары секілді өндіріс орнына әлі де білікті жұмысшылар қажет. Жақында колледж түлектерін станоктарда жұмыс істеуге ынталандыру үшін кәсіпорында тіпті жөндеу инженері және құрастыру инженері сияқты лауазымдарды  құрды.

– Адам өзінің жұмысшы мамандығын мақтан тұтуы керек. Бұған қол жеткізу үшін зауыт-кәсіпорындарда жұмысшыларға өз отбасыларының тірегі болуға мүмкіндік беретін жұмыс жағдайын жасауы керек. Менің ұстанымым  осындай, – дейді Алтай Ғаббасұлы.

Төртінші дәрежелі фрезерші Ерболат Исағалиев кәсіпорында бес жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол құю-механикалық зауытына Оралдағы басқа компаниядан келген. – Біздің жалақымыз жақсы, еңбек демалыстары төленеді, сыйақылар бар, жұмыс киімдері беріледі, жұмыс орнына тегін тасымалдайды, асханада түскі ас тегін. Мен 62 жастамын. Зейнеткерлікке шыққанда да жұмыс істеймін деп отырмын. Оған ниет пен күш бар, – дейді Е. Исағалиев.

4-5-бет-9

– Кеңес заманында жастарға жатақханадан бір бөлме, кейін кезекке қойылып пәтер бөлінгендіктен зауыт-фабрикаларға жастар жұмысқа баратын. Ауылдан келгендер қалалық тіркеуге тұратын. Қазір жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ететін компаниялар аз. Бірақ баспана алуға болады, ең бастысы айлығы төмен болмауы тиіс, – деп әңгімеге араласты токарь Аралбек Ерғазиев. Ол да әріптесі Ерболат Исағалиев сияқты 1982 жылы Оралдағы №1 колледжді (қазіргі Батыс Қазақстан индустриалды колледжі) бітіріп, содан бері көптеген зауытта еңбек етті. Оны кәсіпорындағылар өз ісінің шебері ретінде ғана емес, жас жұмысшыларға тәлімгер ретінде де бағалайды.

Бесінші разрядты токарь-шлифовщик Дәулет Бейісов өз кәсібін сүюдің маңыздылығын айтты. – Білім алған дұрыс, бірақ оны тәжірибе жүзінде байытып, толықтыру керек. Әр жұмыстың өзіндік қыр-сыры болады, оны аға буын бізбен бөліседі. Мектептен кейін білім алуды таңдаған кезде мені металлмен, станокта жұмыс істеу қызықтырды. 2016 жылы колледжді бітірген соң бірден зауытқа келдім. Жаңа буын станокта жұмыс істеп жатқаныма биыл – үшінші жыл. Менің сыныбымдағылардың тең жартысы өздері таңдаған салада жұмыс істемейді. Кәсібіңді сүймесең – сол. Сондықтан оқушыларды зауыттарға экскурсияларға жиі әкеліп, жұмысшылармен кездесулер  ұйымдастырған жөн. Шәкірттер таңдайтын кәсіптеріне еңбек нарығындағы сұранысты, еңбек жағдайын, жалақы шамасын білуі керек, – дейді Д. Бейісов.

1a0ff5e2-706e-455c-a6f1-d016e28bd677

Осыдан бірнеше жыл бұрын өндіріс цехтарында тәжірибе жинақтаған осындай жас мамандар жоғары жалақы үшін мұнай компанияларына кететін. Бұл күндері  олардың көпшілігі мұнда қаржылық жағынан ұтылмай-тынын, үйден  жырақта қиналып жұмыс істеудің қажеті жоқ екенін түсінді.  Заманауи технологиямен «қаруланған» Орал құю-механикалық зауыты жұмысшыларына еңбек жағдайын жасап, жасампаз ұжымымен сапалы өнім шығарып, жаңа белестерге қол созуда.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале