Алматы облысы Қонаев қаласында «Ақ бидай - 2025» VIII республикалық ауыл спорт ойындары өткені белгілі. Еліміздің 17 облысынан, 20 спорт түрінен 2 мыңға жуық спортшы қатысып бақ сынаған, 10 күнге созылған дүбірлі бәсекенің қорытындысы бойынша 385 ұпай жинаған Батыс Қазақстан облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте үшінші орын алған еді.

Осы зор жетістікке Жәнібек ауданы спортшыларының қосқан үлесі айрықша әрі ауданымыз үшін бұл үлкен мақтаныш болды. Ұлттық спорт түрі аударыспақтан Бекзат Мұсаев облыс қоржынына алтын медаль салса, Асуан Құсайынов пен Рүстем Қойбағаров күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Облыс спортшыларының туын ұстап шыққан Бекарыс Бейбітұлы қоланы тақымына қысқан болатын.
Спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Ол өз сөзінде:
– Сіздердің бұл жеңістеріңіз – Жәнібек жұртшылығы үшін зор қуаныш, зор мақтаныш. Жаттықтырушыларыңыз бен өздеріңіздің тынымсыз еңбектеріңіздің, маңдай терлеріңіздің ақталған сәті болды. Спартакиада барысында аудан халқының назары өздеріңізде болды. Облыстық кезеңдегі аздаған өкініштің осы жеңістеріңіз арқылы орны толды. Жарыстан кейін тынығып, алдағы жетістіктерге шабыт болсын деген ниетпен, ауданымыздың ақ ордасында сіздерді құттықтап, жылы лебізімізді білдіріп, сый-сияпат табыстауды жөн көрдік. Алдағы уақытта да алар асуларыңыз аласармасын, жетер жетістіктеріңіз ортаймасын. Ең бастысы - мықты денсаулық, амандық тілейміз, - деді.
Кездесу соңында спортшыларға аудан әкімінің алғысхаты мен қаржылай сыйлықтары табысталды.
Салтанатты жиында аудандық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжалиев те сөз алып, жүрекжарды лебізін арнады. Ол ұлттық спорт түрлеріне ерекше қолдау көрсету қажеттігін баса айтып:
- Тақымы тастай жігіттеріміздің астындағы тұлпарларын жаңартып отыру маңызды. Бұл – жетістік пен жүйріктің жолындағы жауапты іс, - деді.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы